Aqtobe Day Isker Tilshi

Ербол Шыма, бизнес-тренер: “Кәсіп бастасаңыз, мемлекеттік бағдарламадан бас тартпаңыз”

Ербол – “Halyk” қайырымдылық қорының спорт жөніндегі менеджері. Өзі қоғамға пайдасын тигізіп қана қоймай, кәсіп бастауға ынталы жандарға бағыт-бағдар көрсетеді. Ол қайырымдылық қорының бағыты, атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді. Өз сөзінде жас кәсіпкерлерге кеңес беріп, мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану керектігін айта өтті.

“Halyk” қайырымдылық қоры 2016 жылы құрылды. Сол уақыттан бері елде болған төтенше жағдайларға, қайырымдылыққа 85 млрд. теңгеден астам қаржы бөлген. Бұл қордың белгілі бір бағыты жоқ. Жалпы елде қандай да бір төтенше жағдай болса, қол ұшын созуға дайын. Қор жеке кәсіпкерлердің қаржыландыруы арқылы жұмыс істейді.

“Бұл – кері байланысы бар жоба”

Қайырымдылық қоры Қостанайдағы Әулиекөл ауданында болған өртке байланысты заманауи, үлкен балабақша салып берген. Бұған 1 млрд. теңгеден аса қаржы жұмсалыпты. Сонымен қатар студенттерге грант бөлу, ғалымдарды қолдау сынды әлеуметтік жобаларды атап өтуге болады. Қор Маңғыстау облысын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ұңғыма салып қаржыландырды. Жаңаөзенде көпқабатты үйдің ауласына балаларға арналған ойын алаңын тұрғызған. Сондай-ақ, қордың көмегімен Бейнеу қаласында бірнеше жыл бойы тоқтап қалған элеватор іске қосылған еді.

— 2016 жылдан бері елде небір оқиғалар болды. Халықтық деңгейде атқарылған жобаларды да айта кетуге болады. Соның бірі – “AUYL SPORT-2024” жобасы. Әр облыста балаларға арналған футбол командаларын құру, оларды қаржыландыру, таланттарды таныту мақсатында біраз жұмыс істедік. Аталмыш жоба 9 мыңнан аса баланы қамтыды. Жоба бойынша 6 спорт түрінен өңірлік лига өтті. Атап айтсақ, воллейбол, баскетбол, еркін күрес, бокс, шахмат және каратэ. Ауыл балалары облыстық деңгейдегі жарыстарға қатысу мүмкіндігін иеленді. Республикалық деңгейде басқа облыстың балаларымен бақ сынасу мақсатында ұйымдастырылды. Бұл – кері байланысы бар жоба. Биыл жобаны әрі қарай жалғастыру жоспарда бар, — дейді ол.

Мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеру

“Halyk” қайырымдылық қоры тікелей банктікі емес. Қордың негізін қалаушылар – Динара және Тимур Құлыбаевтар. Қорда небәрі 11 адам жұмыс істегенімен бірнеше жобаны іске асырған.

— Былтыр әлеуметтік жобалардан бөлек Астана қаласынан осал топтағы азаматтарға және мемлекет тарапынан үйге мұқтаж адамдарға толықтай бір тұрғын үй кешені берілді. 100-ден аса отбасы баспаналы болды. Баспаналы болу бақыты бұйырғандардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, көпбалалы және тағы басқа да санаттарға жататын отбасылар болды. Бұл кез келген кәсіпкердің қолынан келмейді. Қайырымдылық қоры төтенше жағдай кезінде, қажеттілік туындаған жағдайда көмектеседі. Қордың негізгі бағыты – әлеуметтік мәселелер. Қор науқастарға қаржы жинамайды. Мұнымен айналысатын өзге де қорлар жетерлік. Біздің қордың мақсаты халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Қазір қайырымдылық қорларының көбейгені рас. Бірақ артынан былықтары да шығып жатыр. Осындай үлкен кәсіпкерлердің қорлары белгілі бір тәртіпке, жүйеге бағынады.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Асылхан Әбдіжалелов, сату бөлімінің басшысы: “Мен ешкімге сатпаймын, халыққа қызмет көрсетемін”

“Мемлекет тарапынан берілетін бағдарламалар жайлы ақпараттандыру жетіспейді”

Оның айтуынша, кәсіп бастау тәуекелге бел буумен тең. Себебі кәсіп бастауға ниеттенген адамның ісі алға баспаса, қаражаты күйіп кетеді. Әрине, қорқыныш пайда болады. Оны жеңу екінің бірінің қолынан келмесі анық.

— Осыдан 3-4 жыл бұрын “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының “Бастау” бизнес жобасы аясында тренер болдым. Ауылдық жерде тұратын, бұрын кәсіп ашып көрмеген, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға мемлекеттік қолдауды түсіндірдік. Грант жеңіп алудың жолдарын көрсеттік. Ауласындағы 2 сиырын 20 сиыр етіп көбейткісі келетіндерге мемлекет тарапынан берілетін, төмендетілген пайызбен несие алу жолын таныстырдық. Оны жұмсау, қайтару, кәсіпті жүргізу жөнінде кеңес бердік. Мемлекеттен берілетін несие біреуден қарызға ақша алып, үстіне 200-300 мың теңге қосып қайтарумен бірдей. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды барынша пайдаланған дұрыс. Қаражат алу да оңай емес. Мысалы, несие алу үшін 1-6 ай уақытыңыз кетуі мүмкін. Өйткені қаражатты алу үшін міндетті түрде кепіл зат қою керек. Бірақ кәсіпкерлердің көпшілігі ұзақ уақыт күткісі келмейді.

Жалпы мемлекет тарапынан берілетін бағдарламалар бар екені белгілі. Әдетте ақпараттандыру жетіспей жатады. Ақпарат жеткен күннің өзінде қаржыға қол жеткізудің талаптары жоғары. Ұзақ уақыт керек. Сондықтан кәсіпкерлер содан қашып, несие алуға деген үміті өшеді.

“Айналым қаражатын арттыру маңызды”

Жастарға қандай кәсіп ашса да тиімді. Алғашқы 6 айда түскен ақша – айналым қаражаты. Айтуынша, кәсіпкер айналым қаражатын арттырған кезде ғана кәсібі табысты болады.

— Мен Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келдім. Ойыл ауданында өстім. Облыстың кез келген ауданы өзіме жақын. Ақтөбеде қалыптастым, өстім, дамыдым. “Жас Отан” жастар қанатының төрағасы болып қызмет еттім. Партиялармен байланыста болып, біраз жұмыстар атқарылды. Белсенді жас болдым. “Ақтөбе” телеарнасында редактор-тележүргізуші болып жұмыс істедім. Жастар ресурстық орталығында да қызметте болдым. Қазір “Halyk” қайырымдылық қорының спорт жөніндегі менеджерімін. Хоббиім – қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімін тауып, қажет болған жағдайда кеңес беру.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Әйкерім Нұрлан, NEKKAR кофеханасының иесі: «Біздің бағытта ең қиыны - бариста табу»

“Әкім болуға ниеттімін”

Ербол қорда қызмет жасағанынан бөлек республика бойынша семинар-тренингтер өткізеді. Бағыты – психология, мотивация. Өзін мемлекетшіл азамат ретінде санайды. Мемлекеттте, өңірде болып жатқан жағдайларға, өзгерістерге елең етіп, құлақ түріп отырамын дейді.

Алдағы уақытта Ақтөбеге келіп, ауыл әкімі болсам ба деген ойым бар. Үлкен мегополистерде болдым. Ақтөбе маған бөтен емес. Алған тәжірибемді пайдаланғым келеді. Өңірге үлес қосу ойымда бар. Ауыл тұрғындары мемлекеттен көрсетілетін қолдаудың игілігін көрсе екен деймін. Кәсіп бастау, ауыл шаруашылығы турасында жинаған тәжірибем осыған сай келеді, — деп өз жоспарымен бөлісті.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Гүлсаян Ыбырай - маркетингтегі тенденция, инфобизнестегі жауапсыздық, журналистикаға сағынышы жайлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *