Aqtobe Day Isker Tilshi

Асылхан Әбдіжалелов, сату бөлімінің басшысы: “Мен ешкімге сатпаймын, халыққа қызмет көрсетемін”

Бүгінде баспаналы болу кез келген адамның арманына айналды. Ақтөбеліктерге пәтер сатып алудың сан түрлі жолын түсіндіріп, құжатын рәсімдеуге көмектесетін Асылхан 300-ге жуық адамның баспаналы болуына үлес қосты. Ол тиімді мемлекеттік бағдарлама таңдау, ипотека жөнінде кеңес береді.

Асылханның негізгі мамандығы – есепші. Еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастап, желілік маркетингке ауысқан. Бұдан кейін риелтор қызметін атқарып, сату бөлімінің басшысына айналды. Есепке ебі бар, сатуды білетін Асылхан мемлекеттік бағдарламаның тиімдісін таңдап, ипотеканы жүрексінбей алуға шақырады.

— Сіздің қызметіңіз қандай?

— Ең әуелі, үй алатын адамға тегін кеңес беремін. Отбасы жағдайын, үйді қашан алғысы келетінін сұрап, жалпы барлық ақпаратты біліп аламыз. Осылайша үй алу стратегиясын құрып беремін. Тиімді, тиімділеу және дәл қазір алуға болатын жолды жазып көрсетемін. Құжаттарын рәсімдеуге, үй таңдауға көмектесемін.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Әйкерім Нұрлан, NEKKAR кофеханасының иесі: «Біздің бағытта ең қиыны - бариста табу»

— Баспана алудың қандай жолдары бар?

— Ең тиімді жолы – Отбасы банкте депозит ашып, ақша жинау. Отбасы банктен үй алу үшін 3 негізгі шарт бар. Атап айтсам, депозитіңіз болуы керек. Несие тарихыңыз дұрыс болсын. Тұрақты табысыңыз болғаны жөн. Бұдан кейін мемлекеттік бағдарламаға қатысу керек. Қазір Наурыз бағдарламасы жүріп жатыр. Сондай-ақ, “Бақытты отбасы” және “Шаңырақ” бағдарламалары іске асты. Көп балалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар мемлекеттік бағдарламаға қатысып, баспаналы бола алады. Нөлден бастап алуға да болады. Бұл нұсқа ешқандай мемлекеттік бағдарлама талабына сай келмейтін азаматтарға арналған. Қазір үй алуға көмектесетін ипотекалық брокерлер көбейіп кетті. Олар қолыңызда бар ақшаға үй алуға жәрдемдеседі. Әрине, олардың қызметі тегін емес.

— Жастарға үй алу үшін қандай мемлекеттік бағдарлама тиімді?

— “Ақтөбе жастары” бағдарламасы тиімді. Бұл – мемлекеттік қызметте немесе осы қызметтің айналасында жұмыс істейтін азаматтарға арналған бағдарлама. Бастапқы жарнасы – 10 %. Бірақ бұл бағдарлама арқылы үй алатындар саны шектеулі. Қателеспесем, соңғы рет 60-70 шақты адам осы бағдарлама арқылы үй алған. Осындай “Ақтөбе жастары” сияқты бағдарлама болса, тіпті керемет.

— Ипотекаға алынған пәтерлерді сатуға бола ма?

— Иә, болады. Ол үшін қандай ипотекамен алғанын нақтылау керек.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Бақыт Жаншаева, тілші: «Журналистика - бес батпан бейнет, «жанкештілердің» ғана қолынан келетін жұмыс»

— Қазір енді адамдар ипотека арқылы үй алып жатыр ғой. Ипотекамен үй алуда адамдарды не алаңдатады?

— Күн сайын адамдарға үй алып беріп жүрміз. Етіміз әбден үйренген. Мұны жұмыс деп қабылдаймыз. Әдетте қарапайым адам өз өмірінде орташа есеппен 1-2, әрі кетсе 3 рет үй ала алады. Қобалжу сезімі болары анық. Дұрыс таңдау жасап жатырмын ба, әлде қате болды ма деп уайымдайды. Бірінші қабаттан алған дұрыс па, әлде екінші қабаттан алайын ба дегендей сан түрлі сұрақ сананы билейді.

— Үй алғанда не нәрсеге мән беру керек?

— Әуел баста риелтор болып жұмыс істедім. Қаланың орталығындағы, 11,12 ықшам аудандарындағы, Есет батыр көшесіндегі үйлерді саттым. Ал қазір Алтын Орда шағын ауданындағы үйлерді сатып жүрміз. Жаңа үйдің орны бөлек қой. Меніңше, Алтын Орда шағын ауданында алдағы 2 жылда құрылыс бітеді. Жол салынып болғаннан кейін үйлер де қымбаттайды. Алтын Ордадағы үйлердің басты артықшылығы – пәтердің жылылығы. Адамдарға да үйдің жылы болғаны маңызды ғой. Сондай-ақ, сапасына мән беретіні белгілі. Бағасына қарайтыны жасырын емес. Кімнің кеңес беретіні де маңызды деп ойлаймын. Әдетте адамдар арзан, әрі маржан үй тауып беріңіз дейді. Бірақ мен осындайда сізге жақсы үй керек пе, әлде арзаны жарай ма деп сұрақ қоямын. Сіз 2 млн. теңгеңізді үнемдеймін деп, үйіңіз ойыңыздан шықпай қалуы мүмкін. Сондықтан қымбаттау үй алып, алаңсыз, рахатыңызға өмір сүргенге не жетсін!

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Данияр Сағидолла, Tilshi Podcast жобасының контент-менеджері: «Бізге спикердің танымалдылығынан гөрі айтары маңызды»

— Құпия болмаса, өзіңіз қалай үй алдыңыз?

— Отбасы банк арқылы алдым. Алғаш рет 19 жасымда өз пәтерімнің кілтін қолыма ұстадым. Үй алуыма ата-анама көмектесті. Қаржылай көмектескені рас. Үйді өзім таңдап алдым. Осылайша алғашқы үйімді қаланың ескі бөлігінен алдым. Қазір Алтын Орда шағын ауданынан ипотекамен үй алдым. Сол үйде тұрып жатырмын.

— Тек Ақтөбеден ғана емес, Қазақстанның басқа да қалаларынан үй алуға көмектесетін сияқтысыздар, иә?

— Төбе компаниясы BI Group құрылыс компаниясымен серіктес. Ақтөбеде BI Group салған үйлер жоқ. Бірақ кез келген ақтөбелік Алматы, Шымкент, Астана, Ақтау қалаларына бармай-ақ осы компания салған үйлерді сатып ала алады. Бұл онлайн жүзеге асады. Ақтөбеде отырып-ақ, аталмыш қалалардан алатын үйіңізді камерамен бақылай аласыз. Тіпті үйіңізге күннің қай жақтан түсетінін де көруге мүмкіндік бар. Бұл керемет емес пе? Салынып жатқан үйді алу арзанырақ шығары анық. Ипотеканы рәсімдеуге, үй таңдауға көмектесеміз.

— Үйдің бағасы жыл сайын шарықтап барады деген пікірмен келісесіз бе?

— Сұраныс артқан сайын баға да өседі. Қазір үйдің бағасы қатты қымбаттап кетті. Былтырғы жылмен салыстырсақ, 30%-ға қымбаттаған. Мысалы, былтыр қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір айларында 1 бөлмелі пәтердің құны 11-12 млн. теңге болды. Таңдап жүріп алуға болатын еді. Қазір 12 млн. теңгеге пәтер алам десеңіз, Алтын Ордадағы 20 тұрғын үй кешенінен бір-екі нұсқасын ғана табуға болады. Бүгінде 1 бөлмелі пәтер орташа есеппен 14-15 млн. теңге тұрады. Мемлекеттік бағдарламасыз-ақ та үй алып жатқандар бар. Күткен сайын баға өсіп жатыр. Халық күткеннен ештеңе шықпасын түсінді. Пәтер жалдап тұрғанша, баспаналы алған жақсы ғой. Бір-екі жыл бұрын біз арқылы үй алғандар көрген сайын алғыс айтады.

— Қазір жастар уақытша дүниеге алданбай, үй алудың маңызын түсініп келе жатқан болар. Ал ақтөбелік жастардың арасында осындай тенденция қалыптасқан ба?

— Иә, кәмелетке тола сала үй алып жатқан жастар бар. Біріне ата-анасы көмектеседі. Өзгесі өзі ақша жинап алады. Осындай жанып тұрған жастарға ризамын.

— Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

— Спортпен айналысамын. Былтыр психологияға, сатуға қатысты кітаптар оқыдым. Сату халыққа қорқынышты болып көрінеді. Меніңше, сату – халыққа қызмет көрсету. Мен ешкімге сатпаймын, халыққа қызмет көрсетемін.

Аружан Смағұлова,
арнайы Isker Tilshi үшін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *