Aqtobe Day Isker Tilshi

Әйкерім Нұрлан, NEKKAR кофеханасының иесі: «Біздің бағытта ең қиыны — бариста табу»

Жас кәсіпкер Әйкерім Нұрлан — Nekkar кофеханасының иесі. Ол дайын кәсіпті сатып алғанымен кофехана ісін дөңгелетіп әкетті. Дегенмен алғашқы айларда қаржылай қиындықтар болғанын да жасырмайды. Өз еңбегімен аяққа тұрған кәсіпкер Isker Tilshi-ге сұқбат берді.

Әйкерім Нұрлан — музыкалық колледждің түлегі. Мәскеуге оқуға түсіп, скрипка пәнінен сабақ берген. Nekkar кофеханасын сатып алғаннан кейін кәсіптің басы-қасында болып, оны әрі қарай дамытуға білек сыбана кіріскен.

Nekkar кофеханасы 2022 жылы ашылған. Әйкерім оны 2023 жылы сатып алады.

— Негізі кофехананың бұрынғы иесі менің танысым еді. Онымен бірге бұдан басқа кәсіп ашуды жоспарлағанбыз. Бірақ ол жүзеге аспады. Ал өзі кофехана кәсібін жүргізуге уақыты болмағандықтан маған сатты. Бұрыннан кәсіп ашуды көздеп жүрдім. Бұл маған берілген мүмкіндік деп ойлап, сатып алдым. Бұрынғы кофехана иесімен жарты жылдай байланыста болдық. Ол маған жаңа идеяларды қосу керектігін түсіндірді.

Бұл Әйкерімнің қоғамдық тамақтану кәсібіндегі алғашқы кәсібі еді. Кәсіпті сатып алуға ата-анасы қаржылай қолдау білдірген. Алайда кофехананы сатып алғаннан кейін алғашқы айларда қаржылай қиындыққа тап болған. Тіпті өзі кофе де, тамақ та дайындай алмағанын ашық айтты.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Маңғыстаулық белсенді Бибігүл Рамазанова есту қабілеті шектеулі жандарға тігін цехын ашып берді

— Баристалар маған барынша үйретті. Өз басым кофе әзірлеу білмейтін едім. Қорқыныш болды. Сондықтан қанша үйретсе де, түсіне алмадым. Бір айдан кейін жинақталып, кәсіпті толығымен қолға алу керектігін түсіндім. Баристалар үнемі ауысып отыратын. Бұлай жалғаса бермейтінін біліп, бір аптаның ішінде бәрін игердім. Графигім бұзылды. Таңертеңнен түн ортасына дейін кофеханада жүрдім. Алғашында есеп жүргізу де қиынға соқты. Қанша грамм кофе керектігін, стаканды қай жерден алатынын білмедім. Кофехананың бұрынғы иесі керекті заттарды бағасына қарамай ала берген. Ал мен жеткізушіге мән беріп, сапалы, әрі бағасы тиімді заттарды таңдадым.

Қазір кофеханада 2 бариста жұмыс істейді. Әйкерімнің айтуынша, ең қиыны – бариста табу. Себебі оларға үйрету, графигін реттеу қиын. Сондай-ақ, кофеханаға қажетті заттар мен өнімдерді тасу, санау да Әйкерімнің өзіне оңай емес. Осындайда жан-жағындағы таныстары, жақындары көмектеседі.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Лаура ҚАРАБАСОВА, ZHUBANOV University ректоры: «Жеке бренд қалыптастырамын деген мақсат қоймадым»

— Басты тәртіп – тазалық және жұмыстан кешікпеу. Адам өзіне қалай тамақ жасаса, тұтынушыға да солай дайындауы керек. Сыпайылық, жауапкершілік артық етпейді.

Қызмет көрсету, сату бар жерде жағымсыз пікірдің болуы заңдылық. Әйкерімнің айтуынша, кофеханаға келіп, кофені таңдауда дәмін ажырата алмай сын-пікір айтып кететіндер жоқ емес.

— Кейде үлкен кісілер келіп, ең арзан кофе беруді сұрайды. Біздегі арзан кофе – американо. Ол ащы кофе ғой. Сүтсіз жасалады. Кофенің түрін, дәмін білмей жатып, сатып алады. Сондықтан сатып аларда дәмінің қандай болатынын алдын ала айтып түсіндіреміз. Кейде круассандар қатып қалады. Оны тексеретін — баристалар. Бірақ біздің кофеханаға соншалықты жаман негатив пікір айтылмады.

Қалада кофехана көп болғанымен бәсекелестік жоқ дейді Әйкерім. “Бариста” боламын деп келіп, тауар жеткізушілер жайлы біліп алғысы келгендер болыпты.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Серікболсын Жексенбай: Құмды ауылда құлпынай еге бастадым, таңқурай мен жүзім өсіру жоспарлап отырмын

— Жеткізушінің нөмірлерін сұрайды. Ананы-мынаны үйретуді өтінеді. Бірақ баристаларға артық ақпарат бермейміз. Кофехана қаладағы ірі ойын-сауық орталығында орналасқандықтан сатып алушылар азаймайды. Әсіресе, демалыс, мереке күндері көбейе түседі. Бабл милкшейк жақсы өтеді. Шамамен бір демалыс күні 50 бабл милкшейк сатылды. Қыстыгүні, ораза кезінде келушілер азаяды. Былтыр ондай қиындық болмады.

Кәсіп ашу үшін жақсы капитал керек. Адамдар көп жүретін жерді таңдаған жөн. Бәрін қадағалап, немқұрайлы қарамай, есеп жүргізу кәсіптің ілгерлеруіне көмектеседі.

— Әрине, кәсіп ашу үшін қаржы керек. Сататын зат, өнім сапалы болғаны абзал. Арзан бағаға жүгіре бермей сапаға мән берген жөн. Биыл орташа чектің бағасы өсті. Бұл мәзірді ауыстырғанның, есеп жүргізудің нәтижесі деп ойлаймын. Бұрын мәзірде баблдың түсініксіз түрлері болды. Сатып алушылар оны түсінбеді. Бағасы да арзан болмады. Жаңа мәзір жазылған маңдайша іліп қойдық. Кейде адамдар бір-бірінен есту арқылы да келеді.

Жас кәсіпкер алдағы уақытта кофехананың екінші филиалын ашуды жоспарлап жүр. Бірақ жаңа филиалға ребрендинг жасағысы келеді. Жаңа кофехананың мәзірі де ерекше болмақ.

Аружан Смағұлова, арнайы Isker Tilshi үшін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *