Company Isker Tilshi

Лаура ҚАРАБАСОВА, ZHUBANOV University ректоры: «Жеке бренд қалыптастырамын деген мақсат қоймадым»

Isker Tilshi басқосуының кезекті қонағы – еліміздегі ең жас ректор, Ақтөбедегі Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова.

Әңгімеміз негізінен оқу орнын басқару, менеджмент, маркетингі, бизнес элементтері жайында өрбіді. Сөз арасында жастар саясаты, азаматтық бастамалар, т.б. әлеуметтік жағы да қозғалды.

Лаура Чапайқызы, Isker Tilshi жобасы іс адамдарына, басқаруға, бизнеске қатысты болғандықтан, бізге сіз жетекшілік ететін оқу орнының бизнес үлгісі ретіндегі қызметі қызықтырады. Жасыратыны жоқ, қаржыға қатысты ақпаратты да білгіміз келеді.

Жақсы, түсіндім. 2020 жылы республикалық мемлекеттік кәсіпорын (РМК) формасынан коммерциялық емес акционерлік қоғам (КЕАҚ) мәртебесіне ауыстық. Қазір біздің университет акционерлік қоғам ретінде қаржы көздерін тартады және тапқан қаржыны акционерлік қоғамның дамуына ғана жұмсайды. Қазір таза табыс өзімізде қалады және бюджетке ештеңе аудармаймыз.

Қаржыны қай бағытта жұмсайтынымызды басқарушы орган — Директорлар кеңесімен ақылдасып отырып шешеміз. Директорлар Кеңесі құрамында жалғыз акционердің өкілдері ғана емес, тәуелсіз директорлар бар.  Олар қаржы, басқару және заң саласының мамандары.

Ректордың бұрынғыдай шексіз билігі жоқ. Ректор маңызды стратегиялық және қаржылық сұрақтар бойынша Директорлар Кеңесіне есеп береді және ірі кадрлық шешімдерді де Директорлар Кеңесінің қатысуымен реттейді.

Даму жоспары бар, ол 5 жылға бекітіледі. Жыл сайын сәйкесінше түзетулер енгізіледі. Жұмыс істеу принциптеріміз, жалпы алғанда, жеке бизнес компаниялардыкіне ұқсайды. Бір қарағанда, университетті басқаруда бизнестің элементтері бар. Дегенмен, біз алдымызға табыс табу емес, білім мен ғылымды дамытуды мақсат етіп қоямыз.

Өткенде бір коммуналдық мекемемен сот нәтижесінде коммуналдық төлем тарифін қайта қарауға қол жеткізіп, артық төленген қаржыны өндіріп алдық. Бұл да коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналудың нәтижесі. Үлкен сомада қаржы үнемделді.

Қазіргі таңда түскен табыстың барлығын алдағы жылдары жаңа үлгідегі оқу ғимаратын салуға және жаңаша үлгіде жабдықтауға бағыттағымыз келеді. Үлкен ғимарат тұрғызып, қаланың әр бөлігінде орналасқан факультеттерімізді бір жерге шоғырландыру ойымызда бар. Әрине, мұның барлығына сырттан ешкім қаржы бермейді. Ғимаратымызды, инфрақұрылымды жаңарту, жақсарту жауапкершілігі де, ауыртпалығы да өзімізде. Министрлік пен облыстық әкімдік қолдауына сүйенеміз.

Айта кету керек, университеттің жоғарғы органы – жалғыз акционер, яғни министрлік. Сондықтан, білім және ғылым мәселесіне мемлекет мүддесі тұрғысынан қараймыз.

Қорыта айтсам, біз табысына да, шығынына да ұқыпты компания сияқты жұмыс істеуіміз керек. Бюджетті ұқыпты жұмсау, айналып келгенде, ұжым игілігі үшін пайдалы.

Ал, осы өзгерістерді ұжымға, педагогтар құрамына айтып жүресіз бе? Олар қалай қабылдап жатыр?  

Ұжым үлкен. Жүрген жерімде университет қазір нарық талабына сай жаңа ұйымдастыру формасында жұмыс істейтінін түсіндіремін. Қаржының қалай жұмсалып жатқанымен бөлісіп отырамын.

Элементар мысал,көмекшілеріме де үнемі «жарықты сөндіріп жүріңдер» деп ескертем. Университеттің әрбір өкілі университетті өз үйіндей сезінсе екен деймін. Ысырапшылдық болмай, бюджетті үнемді, тиімді жұмсасақ, дамуымыз да қарқынды болады.

Жалақыны көтеру және уақытында төлеу, ұжым мүшелеріне сыйақы беру, әлеуметтік көмек көрсету де әр университеттің қаржылық жағдайына байланысты.  Мысалы, соңғы 2 жылда біз оқытушылардың ғана емес, барлық қызметкерлердің айлығын көтеріп келеміз.

Кез келген ЖОО-да мерекелік сыйақы беру мүмкіндігі жоқ. Біздің университеттің әрбір қызметкері осыны түсінеді және қара шаңырағымызды бағалайды.

Артылған қаржы есебінен студенттердің оқу ақысына жеңілдіктер қарастырыла ма?

Біз студенттердің оқу ақысына үлкен көлемде жеңілдік беретін оқу орындарының біріміз. Басты миссияларымызды бірі – өңірдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысуды есте ұстаймыз. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен бірлесе жұмыс істей отырып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін студенттерге үнемі қаржылай көмек не стипендия алып береміз.

“Қазақстан халқына” қорынан да үлкен көлемде жеңілдіктер алып бердік. Осы жерде жаны ашып, студенттер үшін барын салған университет қызметкерлеріне ризамын.

Демеушілік көмекті айтпағанда, университеттің өз қаржысы есебінен биыл 90 миллион теңге көлемінде түрлі әлеуметтік категорияларға жататын 339 студентке 30, 50 және 100% көлемінде жеңілдіктер бердік. Мұның барлығы арнайы комиссия шешімі бойынша университет бюджетінен шығып жатыр, сырттан ешкім қаржы бермейді.

Кейде тұрғындар хабарласып, «үлкен мекеме емессіздер ме, неге жеңілдік бермейсіз?» деп сұрайды. Кез келген тұрғын жеңілдік алғысы келеді. Ереже мен заңдылық барын ұмытпаған жөн.

Бұл ретте айтқым келетіні, Жұбанов университеті әлеуметтік функциясын естен шығармайды. Алайда шешім дербес университет ішінде қабылданады. Университет бюджетінің де мүмкіндіктерінің шегі бар.

Тағы да сандарды сөйлетіп көрейін: өткен оқу жылында жатақханада тұру есебінен шамамен 95 млн кіріс кірсе, 270 млн шығын шықты. Өйткені, бізде жатақханада тұру ақысы айына небары 5-7 мың теңге шамасында. Соңғы 5 жылда шығын көрсек те, бағаны мүлдем көтермедік. Коммуналдық төлемдер, жиһаздар алу, кір жуу, төсектері, қызметкерлер жалақысы бар. Бұл ретте біз өңірдің әлеуметтік жағдайын естен шығармаймыз және ата-анаға қолдау көрсеткіміз келеді.

Басқа елдерде де солай ма?

Шетелдерде, керісінше, жатақхана – университет үшін үлкен табыс көзі. Таяуда Ұлыбританияның үш университетіне барып келдім. Ол жақта оқу орындары өңірлік экономика драйвері десек болады. Кей оқу орындарында студенттердің 60 пайызы шетелден келіп оқиды. Өз елінің студенттері үшін оқу ақысы бөлек, сырттан келетіндерге 2-3 есе жоғары. Шетелдіктерден көп пайда түсіреді.

Мысалы, Рединг университетінің аумағында технологиялық парк ашып тастаған, ол жерде алып киностудия жұмыс істейді. Бір қызығы, ол студияны басқаруға университет басшылығы тікелей араласады. Өйткені, жер — университет меншігі. Дисней мен Нетфликстің продакшн студиялары сол жерде жұмыс істеп жатыр.

Зерттеу қызметі арқылы да университет қаржы табады. Мәселен,  Хериот-Уотт университеті Шлюмберже компаниясы үшін көптеген өндірістік мәселелерді шешеді. Бізде, өкінішке қарай,  мұндай практика әлі аз.

Неліктен Жұбанов университеті 30 жылдан бері СНПС компаниясының мәселелерін шешпей келеді?

Біз компанияның өндірістік күн тәртібіндегі мәселелерден тыс қалып қойдық.

Әрі-беріден соң, бізді компанияға жақындатпайтыны бар. Студенттеріміз практикаға кен орындарына кіре алмайды. Өз көзімен көрмесе, ғалымдар зерттеу жұмыстарын қалай жүргізеді?

«Ақтөберентген» зауыты да сонау қырқыншы жылдардан бері Мәскеумен жұмыс істеп келген. Ақтөбедегі университеттермен жұмыс істеу мүмкіндігін мүлдем қарастырмаған. Алайда жағдай түзеліп жатыр деуге болатын шығар. 2022 жылы «Ақтөберентген» зауытымен алғаш рет серіктестік орнаттық. Зауыт басшылығы тарапынан да бастама көтеріледі. Біз де сұранысқа сай ұсыныстар беріп отырмыз. Әрине, бұл қуантарлық жағдай.

Бәлкім, ғалымдарыңыз енжар, жаңашылдыққа ұмтылмайтын болар? Ректорат тарапынан оларға бағыт көрсетіп, ғылымды бизнеспен ұштастыру жолдарын қарастыру керек болар? Мүмкін, біз білмейтін басқа кедергілер бар шығар…  

Бұл ретте, университетімізде ғылыммен айналысатын адамдар үлесі әлі де болса аз екенін айтқым келеді. Өйткені, тоқсаныншы жылдары ғылымға қаржы бөлінбеді. Ғылыммен айналысатын уақыт та болмады. Бүгінде сабақ жүктемесін азайттық, ғылыммен айналысуға ынталандыру мақсатында бос уақыт көбірек қарастырып жатырмыз, жалақысы да шамамен екі есе жоғарылады.  Ғылыммен айналысатын оқытушылар жалақысы әлдеқайда жоғары.

Әлі де іргелі зерттеулер басым, бірақ, қолданбалы сипатқа да ден қойып жатырмыз. Мекемелер бұрыннан келе жатқан серіктестермен жұмыс істегілері келеді. Дегенмен, біз де әрекетке көшіп жатырмыз.

Өңірлік проблематика жөнінде бір ғана мысал, Көкжиде тұнық су қоймасы бойынша «Қазақойл-Ақтөбе» компаниясымен келіссөздер басталған, әзірге уақыттың еншісіндегі шаруа, дегенмен меморандум жасағымыз келеді. Әзірге, келіссөз сатысында.

Әрине, потенциалымыз жетпесе, елдегі, шетелдік серіктестердегі ресурстарды жұмылдыруға қауқарымыз бар. Негізі, мемлекет тарапынан ғылымға үлкен қаржылық қолдау бар. Біз соңғы 2-3 жылда гранттық қаржыландырылатын жобалардың санын арттырдық.

Ректор болып келгелі ағылшын тілін білетін мамандарға акцент жасағаныңызды естіп жатамыз…

Ағылшын тілін білетін маманға акцент жасап қоймай, ұжымға ағылшын тілін меңгертуге жағдай жасап та жатырмын. Президент тапсырмасы аясында шотландиялық Хериот-Уотт университетімен бірлескен жобамызды сәтті іске қостық. Бұл жерде ағылшын тілін білмей, коммуникация жасау мүмкін емес еді. Аудармашыға сүйеніп жасайтын жұмыс емес.

Қазіргі таңда ағылшын тілі тек халықаралық қатынас тілі ғана емес, ғылым тілі де. Осымен үшінші жыл университет есебінен ұжымға сапалы ағылшын тілі курсын ұйымдастырып жатырмыз. Нәтижесінде 14 оқытушымыз «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға кетті. 30 адам Астана, Алматы қалаларына докторантураға түсті. Бұрын мұндай көрсеткіш болмаған. Олардың кейбірін 4-5 жылдан кейін көретін шығармын. Бұл бағытта жұмыстар жалғаса береді.

Бірқатар позицияға адам тартқанда тілге қатысты талап қоятынымыз да рас.

Қаржы қозғалысының ашықтығын кімдер қадағалайды?

Директорлар кеңесіне есеп беремін. Қаржыны қайда жұмсадым, қаншасы артылайын деп тұр, еркін қаржыны неге бағыттайтынымызды ақылдасып отырамыз. Біз коммерциялық емес ұйым болғандықтан, басты мақсат – қаржы табу емес. Директорлар кеңесі есеп те сұрайды, ұсыныс та айтады. Жақсы ұсыныстар айтылады. Қаржы министрлігі өкілі де бар кеңесте.

Бұрын Жұбанов университетінде ректордың қаржы жөніндегі орынбасары болмады. Сол позицияны енгіздік. Көп сараптаманы сол кісі айтып отырады.

Егер университет жеке компания ретінде дамыса, маркетингтік  инструменттер де қолданып жатқан боларсыздар…

Университетте маркетингке тек соңғы кезде көңіл бөле бастадық. Батыс өңіріндегі аса ірі оқу орны болған соң, бізді таңдайды деген түсінік болған шығар. Алайда біз де таңдағымыз келеді.

Соңғы 2 жылда университетке түсу әрі оқу талаптарын жоғарылаттық. Нарықтағы сұранысы аз мамандықтарға түсуге шектеу, фильтр қоя бастадық. Корпустардың сыйымдылығы тағы бар. Факультетке осынша адам қабылдаймыз деп ескертеміз. Өңірде сұранысы жоқ мамандықтарға қабылдағымыз келмейді. Өйткені жас маманның болашағын ойлаймыз.

Келесі оқу жылынан бастап Хериот-Уотт университетінің филиалына ақылы түрде оқитын студенттерді әрі шетелдік студенттерді қабылдай бастаймыз. Сондықтан, маркетингтік құралдарды күшейту керек. Нарықта маркетолог табу оңай емес, олардың қызмет ақысы да жоғары.

Университеттегі студенттердің 70 пайызы осы облыстың студенттері. Биыл Ақтөбеге еліміздің Астана, Алматы қалаларынан студенттер келе бастады.  Бұл — маңызды көрсеткіш. Ақмола, Жетісу облыстарынан студенттер түсті. Мұның барлығы маркетингтің жемісі. Сапалы оқу бағдарламасын ұсына алсаң, профессорлық құрамды көрсете білсең, студенттерге өткізе аласың. Тағы бір жайт, бізге түсетін қала мектептері түлектерінің саны артты. Үш жылдың динамикасына қарағанда, өсім бар. Бұрын Ақтөбе қаласының түлектері өзге қалаларға кетіп қалатын.  Жұбанов бренді нығайған сайын, білім хабы ретінде Ақтөбе өңірінің де имиджі де артатынына сенімдімін.

Сессия кезінде таныстық іздеп, ақша қыстыратындар дәуірі өтпеді ме?

Жасыратын несі бар, бізде универге қатысты түрлі әңгіме тарайтын.

Біз академиялық талаптарды күшейттік. Бұл трансформация ауыр процесс болды. Университет шекарасын бұзуға рұқсат бермеймін. Бұл мемлекетіміздің дамуы үшін аса маңызды қадам.

Басшы ретінде өзім бір стандарт ұстанатындықтан, қызметкерлерге жеңіл. Бұзылмайтын ереже бар. Бұл ұзақ мерзімде өз нәтижесін міндетті түрде береді. Дегенмен, халықтың пікірі өзгеріп жатқан сияқты. Өзім ақтөбелік болғандықтан, естіп, біліп жүрмін. Түлектер дипломды қағаз ретінде емес, білім, құндылық ретінде бағалауға келе жатырмыз. Басқаша айтқанда, дипломды ұялмай табыстағымыз келеді.

Жұбанов университетінің іргетасы облыстағы өзге университеттерге қарағанда ерте қаланды. Ақтөбедегі басқа оқу орындарымен бәсеке туралы айту орынсыз болар. Дегенмен, олармен қарым-қатынасыңызды білгіміз келеді.

Бұрын қабылдау комиссиясына келген талапкерді біз қабылдамасақ, басқа оқу орнына кетіп қалады деген түсінік болғаны жасырын емес. Бұл түсінік қате. Әр университеттің өз контингенті бар. Өз жобалық сыйымдылығы бар. Өз академиялық талаптары бар. Мен Ақтөбедегі басқа оқу орындарының дамығанын және біз үшін шынайы бәсеке болғанын қалаймын.

Жастар мамандық таңдауда ата-анасының айтқанымен жүретін. Қазір қалай?

Әлі де болса, оқуды студент емес, ата-анасы таңдайтыны бар. Ақша төлейтін, яғни тапсырыс беруші ата-ана болғандықтан, бала таңдауына ықпал жасайды. Рекрутинг саласында осыны да ескереміз.

Кәсіби бағыт-бағдар беру жұмысында мектеп, ата-ана, университет және тіпті кәсіпорындар біріккені жөн. Кейбір жаңа мамандықтарды кеңінен түсіндіру кемшін қалып жатады. Рөлдік модельдер жетіспейді.

Заманауи жарнама жасауға қалай қарайсыз?

Блогерлермен жұмыс істеуге қатысты айтар болсам, өкінішке қарай, бізде оған қаржы қарастырылмаған. Бұл қаншалықты дұрыс деген де сұрақ туындайды. Сыртқы жарнамаға ақша төлеп көрмеппіз. Достық қарым-қатынастардың көмегімен әрекет етеміз.

Кейбір мекемелер жарнама бойынша коллаб жасап жатады. Пабликтерге жариялайды, тиктокқа шығарады.  Университет әлеуметтік маңызы бар оқу оқу орны болғандықтан, бізге қолдау көрсетіп, тегін жарнама жасап жатса, риза болар едік.

 «Лаура Қарабасова – ең жас ректор, жас ғалым» деп жатады. Жалпы, жеке брендке көңіл бөлесіз бе?

Жеке брендке келер болсақ, өз басым үлкен орталарда көп жүрдім. Ғалым, менеджер ретінде қалыптастым. Ел масштабындағы ауқымды жобаларды жасауға қатыстым. Үлкен тәжірибе жинадым. Жеке парақшамда ойларымды жазып жүремін. Ғылымға қатысты посттар жариялап, пайдалы ақпаратты бөлісіп отыратынмын.

Ректорлық қызметке келгенде, жас шамама қарап жассынатындар болды. Стереотип болуы заңдылық. Дегенмен, профилімді ашып оқығандар менің білім саласындағы реформалар мен басқаруға қатысты ғылыми еңбектерімнің құндылығын көреді. Ғылыми ойларыма жасалған сілтемелерге қарап, халықаралық ғылыми ортадағы орнымды көреді. Содан болар, мені үлкен ғылыми орталарда жақсы танып, қабылдап жатады.

Арнайы жеке бренд қалыптастырамын деп мақсат қоймадым. Көбінесе, парақшамды ішкі түйсікке сүйеніп жүргіземін. Меніңше, қанша қаражат құйып жеке брендіңді қалыптастыра бер, бірақ, айтар ойың, жеткізер message болмаса, жасандылық бәрібір сезіліп тұратын сияқты.

Жеке брендке қатысты тағы айтарым, Ақтөбеде бұрын болмаса да, университетті білмесе де, мені танып университке оқуға түскен жастар болды. Әрине, ондай кезде «сенімнен шыға алмай қалсам қалай болады?» деп уайымдаймын. Бір астаналық журналист құрбымның баласы да «Сіз үшін Ақтөбені таңдады» деп жазғаны бар. Әрине, сол үшін де оқу орнындағы оң өзгерістер жалғасын тауып, даму тұрақтылығы болуы керек. Репутация институтының маңызын естен шығармаймын.

Адам тарту үшін «хайп» мамандықтар ашу ойда бар ма? 

Заманауи «хайп» мамандықтарға қатысты айтар болсам, бізде ондай мамандықтар ашуға еш кедергі жоқ. Менің ойымша, бағдарламаны айқайлатып қойып, әдемілеп ұсынуға болады. Бірақ, «ол жерде кім сабақ береді?» деген сұрақ туындайды. Атау жаңарғанымен, мазмұн жаңарды ма?

Мен талапкерлер алдында адал болғанды, нақты уәде бергенді, уәдеге берік болғанды қалаймын және сол жолды таңдаймын.

Студенттер еркіндігі, азаматтық белсенділік… керек зат па? 

Студенттер — ертеңгі көшбасшылар, мамандар, ел азаматтары.

Студенттерді университет басқару ісіне тартуға тырысамын. Студенттердің тек мәдени, спорттық іс-шаралардағы белсенділікпен шектелмей, оқу сапасын көтеру процесінде де белсенді болғанын қалаймын. Негізі осы бағытта оң өзгеріс те бар.

Белгілі бір мәселелер бойынша шағымданып қоймай, ұсыныс айтып үйренсе деймін. Конструктивті сын айтса және ақпарат ағымында дұрыс шешім қабылдай алса, сол маңызды.

Әдетте, маған әлеуметтік желілерде хат жазатын студенттер бар. Кейде бірқатар студент жасырын аккаунттардан жазады. Олар мәселе көтереді, жағдайларын айтады, алайда аты-жөнін көрсетпеуді сұрайды. Өзім де шара қолданғанда тиісті департаменттерге, мамандарға хат жолдағанда студенттің аты-жөнін, оның қай факультетте, қай курста оқитынын мейлінше жасырып жіберуге тырысамын. Дегенмен, меніңше, студенттердің ашық болғаны жақсы. Сыни ойлағаны, талап қойғаны дұрыс. Олардың маған сенгенін, өз аккаунттарынан, тіпті поштадан жазғанын қалаймын. Оған бәлкім әлі де уақыт керек шығар.

Университет — қоғамның айнасы әрі ажырамас бөлігі. Іштегі өзгерістер – қоғамдағы өзгерістерді белгісі. «Тамшы тас жарады» дегендей, студенттер де белсенді болса деймін.

Алдағы уақытта Жастар кеңесін қайта құруды жоспарлап жүрміз. Жалпы университет ішіндегі құрылым емес, қала мен өңір деңгейіндегі кеңес болса және өңір жастарының диалогтік алаңына айналса деймін.

Әңгімеңізге рақмет, қызметіңізге табыс тілейміз! 

Материал Isker Tilshi басқосуында болған сұқбат негізінде әзірленді. Сұрақ қойғандар — Isker Tilshi жобасының тұрақты қатысушылары Данияр Сағидолла, Бекзат Машимов, Мамырбек Мұқанбетқазы және Асқар Ақтілеу.

Фотолар Л. Қарабасованың жеке мұрағатынан.

2 Пікір

  • Кундызай 27/10/2023

    Өте білікті маман, Керемет ректор!

  • Алия Айдархановна 28/10/2023

    Университет түлегі, Ректорымыз Лаура Чапаевна атқарып отырған қызметіне лайық. Атқарып отырған ісі мен сөзінде ешбір жасандылық жоқ. Болмысымен шынайы. Әлемнің қай еліне барса да, сол жердегі оқу орнының басшысымен теңбе-тең ой бөлісіп, баға бере алатын нағыз бәсекеге қабілетті қазақтың қарапайым қызы. Сәттілік болып, жұлдызы биіктен көріне берсін! Әрбір жас үлгі тұтуы тиіс деп санаймын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *