Асқар Ақтілеу, журналист, Isker Tilshi жобасының авторы:
Журналист ретінде әртүрлі адамдармен сұқбаттасқан ұнайды. Соңғы бір-екі жылдың шамасында өңірдегі іс адамдарымен етене араласа бастадым. Бұрын тек нақты материал дайындағанда кездесуге шақырсам, кейін жеке кездесулерді көбейте бастадым. Рас, оның барлығынан контент жасай бермеймін. Кейде шағын постпен «құтылып» кетемін. Кейде ол да болмай қалады.
Бастысы – тет-а-тет кездесулерден кейін осының барлығын қасында жүрген қыз-жігіттер естісе екен, білсе ғой деген ой келеді.
Қазіргі таңда іскерлікке жақын қыз-жігіттер көп. Бірақ, қайдан қандай ақпарат білу керектігін біле бермейді. Бизнес шаралар өте қымбат. Олардың өзінде кейде дұрыс нәрсе айтылмайды, керісінше, білім іздеп барған жасты одан сайын шығынға батырып, мойнына миллиондардың ақпараттық өнімін іліп жіберетінін айтсаңызшы.
Бірде Зине Жұманға (Milia дүкендер желісі) хабарластым. Кездесіп, сөйлескім келетінін айттым. Содан бір емес, бірнеше рет кофе іштік. Мамырбек Мұқанбетқазин (Massimo, Renzo ерлер киімдері дүкендері) досыммен екі бастан апта сайын кездесіп, шай ішіп тұрамыз. Араға уақыт салып, Айгүл Мақсотпен (Ai Bil білім беру орталығы) танысамын. Осылай жалғасып кете барады.
Маркетингке қатысты бір шарада Бекзат Мәшімовпен (Progress орталығы) танысып қаламын.
Әдетте, айналып келіп, өзімнің журналистеріммен кездесе береміз ғой. Ол жерде көп жағдайда саясат, әлеумет, елдің, ауылдың жағдайы, тағы басқа мәселелерді көтеріп, басымыз қазандай болып қайтады. Әрине, ол менің негізгі бағытым, өзімді еркін сезінетін ортам, одан алыстау ойымда жоқ.
Іс адамдарымен араласқалы ойым да, түсінігім де өзгере бастады. Әр бизнес адамы өзіндік бір әлем. Ойлауы басқа.
Күндердің күнінде өзім араласатын, анда-санда кездесіп, шай ішіп, бизнес жайлы әңгіме-дүкен құратын қыз-жігіттерді кітапханаға (мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы кітапхана ішіндегі коворкингті берген) жинап алып, іскерлік орта құру жөнінде бастама көтердім.
Алғашқы басқосуда әрі қарай не болатынын, қалай өрбитінін, шын сөзім, білмедім. Тек ортаға ұсынысымды айттым, әрі қарай қыз-жігіттер өздері алып кетті. Арамызда Айсын Байтақова («Айсын» радиожурналистика мектебі), Бекзат Мәшімов, жеке тұлғалық даму мектебін ашамын деп жүрген Райбек Сағадат бар, Мамырбек — екі бастан, оқу орталығының жетекшісі Айгүл Мақсотқызы, тағы басқа қыз-жігіттер бар, біраз жоспар құрып, Isker Tilshi жобасын бастап кеттік.
Содан сенбі сайын таңғы ас форматында кездесуден кездесу, апта сайын жаңа спикер шақырамыз. Әр кездесудің өз тақырыбы болады. Сол тақырыптан ауытқымауға тырысамыз. Қатысушыларға жаңа, тың, пайдалы ақпарат болса, Tilshi.kz сайты мен желідегі парақшалары үшін тың контент.
Оның үстіне, өңірде, тіпті ел көлемінде деуге болатын шығар, іскерлік журналистика дамымаған. Контентті алудың өзгеше жолы – тек сұқбат алып, жариялай салу емес –таңғы ас форматындағы басқосудан ықшамдап материал әзірлеуді көздедік.
Isker Tilshi жобасы былтыр қазан айында басталды. Содан бері орта есеппен аптасына бір рет кездесіп тұрамыз. Рас, кейде белгілі бір себептермен демалыс, мереке күндері отырысты кейінге ысыруға тура келеді.
Isker Tilshi алаңында Nazeka бутиктер желісінің жетекшісі Назерке Ткебаева болды. Oz Galaxy пластик қаптамалар цехының қожайыны Шевкет Өтен, бірнеше бренд өнімнің дистрибьютері Бағдат Әлішер, меценат-кәсіпкер Динара Еділова келді. Сату өнері, клиентпен қарым-қатынас, сервис, жарнама, кәсіпкерге қажетті тағы басқа инструменттер жайлы сөз болды.
Танымал кәсіпкер Алтынбек Мұстафин команда жөнінде сөз қозғаса, Aport дәмханалар желісінің тең құрылтайшысы Нұрбек мырза қоғамдық тамақтану мәдениеті жөнінде әңгімеледі.
14 жасында барберлік өнерді меңгере бастаған Әсет Дараджинов (қазірде 17 жаста, студент, барбер шебері, әрі бастауыш кәсіпкер) жас та болса бизнесте түйген инсайттарымен бөлісті.
Ақтөбеден шыққан кәсіпкер, бүгінде ҰБТ-ға дайындау орталығының франшизасымен айналысып жүрген Мақсат Сайлау Ақтөбеге жолы түскенде Isker Tilshi ортасының қонағы болып кетті.
Жалпы, спикер іздеу қиын емес. Дегенмен, кейде күнделікті өмірде жан-жағыңа мұқият қарап, бақылап жүрсең, жақсы кейіпкерлер табуға болады. Бір күні Shipa орталығының жетекшісі Асау-Барақ Өмірбекті тарттық. Маркетинг ерекшелігіне, бизнесін әлеуметтік желіде айналдыру, сервис көрсету құралдары жайлы айтып өтті. Өзін біраз іздеген, ниша табу жолында көп бағытта өзін сынап көрген кәсіпкер таяуда Ақтөбеде сауықтыру орталығының екінші нүктесін ашты.
Бірде таныстар арқылы My Bro Barbershop иелерінің бірінің нөмірін іздеп тауып, Isker Tilshi ортасы атынан хат жазып жіберемін. Негізі, көз алдымда басқа адам. Бірақ, отырысқа Ербол Мирмановтың өзі келіп тұр. Егер, жоспарлап шақырғанда келтіре алмас па едік. Сол күндері мен қателестім бе, ол қателесті ме, түсінбей қалдық.
Ербол Мирмановтың спичі де ерекше. Қандыағаштан қарапайым отбасыдан шыққан ол Ақтөбеде еңбек жолын даяшылықтан бастап, бүгінде Дубайда көлік айдау бизнесімен айналысып жүр. Ақтөбеде барбершоп нүктесі, барбершоп академиясы, халал ет дүкендері бар.
Әрине, Isker Tilshi ортасының тыңдаушылары жас кәсіпкерлер, арасында енді бастап жатқандары бар. Ірі бизнесмендердің келгені біз үшін мәртебе.
Қаладағы бірнеше мейрамхана, кофейня иесі Күлшат Масалимова ханым (Afsona, Taksim, Travellers Coffee, Sarqyt, Angel-in-Us) тағам бизнесі бағытындағы тәжірибесімен бөлісті. Бизнесті сегменттеу, клиентті зерттеу, франшизамен жұмыс істеудің қыр-сыры туралы біраз мағлұмат берді. Әріптестерінің бірі Масалимова ханымға «Isker Tilshi ортасына тегін MBA өткізіп кеттің» деп әзілдегені бар әлеуметтік желіде.
Тегін демекші, біздің шағын ортаға келген спикерлерге ақы төлемейміз. Қатысушылардан да ешқандай ақы алынбайды. Алайда, қатысушыларға қойылатын талап-ережелер жоқ емес. Сұрақ қою тәртібі, тақырыптан ауытқымау, тағы басқа элементар ережелер. Басқа ештеңе емес.
Біздің мақсатымыз қандай? Әзірге, шағын орта басқосуын тұрақты өткізіп тұру. Және Tilshi.kz сайты мен желідегі аккаунттарына іскерлік контент әзірлеу. Ақтөбедегі қазақтілді іскер орта жұмысын дамыту. Іскерлік журналистиканы дамытып қоймай, монетизацияға шығу. Ол үшін, әрине, уақыт керек, білім керек.
Бұл ретте, айта кеткен жөн, Isker Tilshi жобасы аясында бірқатар контент Internews ұйымының гранттық қолдауы негізінде әзірленеді.
Ал, оқырман тарапынан не керек? Әрине, контентімізге реакция (лайк, комент, репост) қалдыруыңызды сұраймыз.
Достар, егер өңірде айтары бар, маркетингі ерекше, өзгелерге үлгі болатындай іс адамдары болса, бізге хабарлауды ұмытпаңыз. Бәлкім, кезекті спикеріміз сіз ұсынған адам болуы мүмкін. Сапалы, пайдалы контентті бірге жасайық.
Ал, егер басқосуға қатысып, спикерді тыңдаймын, іскер жандармен нетворк орнатам десеңіз, өзіңіз туралы мәліметті және мотивациялық хатыңызды жекеге жазыңыз.
Be the first to comment on "Isker Tilshi жобасы қалай басталды? — Редактор бағаны"