Ақтөбе облысының өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі үлесті металлургия, машина жасау, химия, құрылыс, тамақ өнімі және басқа да секторлар құрайды. Бүгінде бұл сала өнеркәсіп көлемінің 41%-ын, ал жалпы ішкі өнімнің 18,3%-ын қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды «Іскер тілші» Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Өңірде өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту үшін ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Металлургия саласында Шалқар ауданындағы «Көкбұлақ» кен орнын игеру бойынша Қытайда келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ, қытайлық Jiangsu Yima Machinery және отандық КЗНО компаниялары бірлесіп, орташа көміртекті болат өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.
Машина жасау бағытында рельс дәнекерлеу кәсіпорнының құрылысы жүріп жатыр. Жоба жіксіз тәсілмен ұзындығы 800 метрге дейінгі рельстерді біріктіруге мүмкіндік береді. Қазір жеті ғимараттың екеуінің құрылысы аяқталды, үшіншісі салынып жатыр, қалғандарының іргетасы құйылды.
Фармацевтика саласында «ТК-фарм» кәсіпорны жаңа жабдық сатып алып, өндіріс қуатын арттыруда. 2026 жылға қарай өндіріс көлемін үш есеге ұлғайту көзделіп отыр.
Азық-түлік өнеркәсібінде «Казфуд Продакшн» компаниясы балалар тағамын өндіру жобасын жүзеге асыруда. Қазіргі таңда ғимаратты жөндеу жұмыстары жалғасып, жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция салынды.
Жеңіл өнеркәсіпте арнайы киім өндіруші «Глобал-Спецодежда» компаниясы өндіріс ауқымын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл бастамаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Сонымен бірге, қыркүйек айында «Казфелтек» компаниясы жылу оқшаулағыш материалдар өндіру жобасын іске қосады деп жоспарлануда. Жабдықты іске қосу үшін Италиядан мамандар келмек.
Жалпы алғанда, өңірде 93 жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған бастамаларды уақытылы орындау өңдеу өнеркәсібінің көлемін 110%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.