Ақтөбе ФК спорт директоры болып команданың аңыз ойыншысы Марат Наильевич Хайрулиин тағайындалды. Енді спорттық бағыттағы мәселелерді қатаң бақылауына алып, команданың жандануына үлес қоспақ.
Марат Хайруллин – Қазан футбол мектебінің түлегі. Қазақстан футболында ол өзіндік із қалдырған ойыншылардың бірі. Мансап жолында ол еліміздің бірнеше клубында доп тепті, атап айтқанда: «Ақтөбе», «Оқжетпес», «Атырау» және «Қайсар» сапында өнер көрсетті.
Алайда оның есімі жанкүйерлердің жадында ең алдымен «Ақтөбемен» байланысты. Қызыл-ақ жейдеде Марат барлығы 308 матч өткізіп, 79 голдың авторы атанды. Бұл көрсеткіш оны клуб тарихындағы ең үздік сұрмерген мәртебесіне көтерді.
Футболшы ретінде мансабын 2019 жылы «Қайсар» сапында аяқтады.