Aqtobe Day Жоба

Ақтөбеліктер алғашқы ұстаздарын еске алды

Ұстаздар мерекесі қарсаңында тұрақты авторымыз Мөлдір Ғапиз ақтөбеліктерден алғашқы ұстаздары мен мектепке алғашқы қадамдары жайлы сұрады.

 

Гүлнұр Бітіс, коммуникация маманы

— Алғашқы мектепке барған сәт есіңізде ме?
— Әрине, ол – менің балалық шағымдағы ең жарқын естеліктердің бірі. Есімде, алғаш рет мектеп табалдырығын аттағаным. 2005-2006 жылдар болатын Хромтау ауданы, Құдықсай ауылындағы шағын ғана мектепке бардым. Сол кездерде ата-әжем де тірі болатын. Қыстың қақаған аязында атам мені шанасына отырғызып, өзі мектепке апаратын. Жол бойындағы аппақ қар, ауылдың тыныштығы, атамның мейірімге толы көзқарасы – барлығы әлі күнге дейін көз алдымда. Ол күндер жүрегімде мәңгі сақталған ең жылы естеліктердің бірі болып қалды.

— Алғашқы ұстазыңыз кім еді?
— Алғашқы ұстазым – Жаңылған апай болатын. Оның жүзі әрдайым жылы шырайлы, жүрегінен мейірім төгіліп тұратын. Әріптерді үйретіп, сандарды жаттатқаны мен үшін үлкен бір жаңа әлемнің есігін ашқандай болды. Бала кезімнен-ақ оқу мен білімге деген қызығушылығымды оятқан осы кісі. Кейін ата-анам аудан орталығына көшкенде жаңа ортаға үйренуі оңай болмады. Бірақ алғашқы ұстаздарымның бойыма дарытқан сенім мен білімім сол сәттерден сүрінбей өтуге дем берді.

Бекзат Машимов, «Hickmet» оқу орталығының негізін қалаушы

— Мектепке алғаш барған күніңізді қалай еске аласыз?
— Бұл күн менің есімде ерекше сақталған. Біз ауылдан қалаға 1 қыркүйек күні көшіп келдік, ал келесі күні, яғни 2 қыркүйекте мен алғаш рет мектепке бардым. Мектептің жаңа ғимараты, оқушылардың толқып тұрған жүздері, қолыма алғаш рет ұстаз берген жаңа дәптер мен оқулықтар – бәрі мен үшін үлкен жаңалық еді. Сол сәтте өзімді нағыз жаңа өмірге қадам басқандай сезіндім. 37 орта мектепте бір жыл оқыдым, алғашқы ұстазым Сагинаева Ләззат Нұрланқызы болатын. Оның сабырлы да талапшыл мінезі бізді бірден тәртіпке үйретті.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  "Ақтөбе - Алматы" пойызында Starlink интернеті пайда болады

— Есте қалған ерекше оқиға бар ма?
— Иә, бір жағдай есімде ерекше сақталып қалды. Сабақтан кейін мені әкемнің жұмыстасы алып кетуі керек болған, бірақ ол ұмытып кеткен. Мектептен ешкім алып кетпегенімді байқаған ұстазым мені үйіне ертіп апарып, тамақтандырып, кешке дейін қасымда болды. Кейін ата-анам келгенше жанымнан шықпай күтті. Ол кезде байланыс құралы жоқтың қасы, телефонға да қол жетпейтін. Осындай қамқорлықты бала жүрегім ешқашан ұмытпайды. Осы оқиғадан кейін ұстазымның маған деген шынайы мейірімін сезіндім. Кейін басқа мектепке ауысқаныммен, алғашқы ұстазымның бейнесі жаныма ерекше жақын болып қала берді.

Райбек Сағадатов

— Сіз мектепке қалай бардыңыз?
— Шынымды айтсам, алғашқы мектепке барған күннің бәрін анық есімде сақтамағанмын. Бірақ анамның айтуынша, мен кішкентай кезімнен-ақ мектепке барғысы келетін бала болыппын. Үлкен балалардың соңынан еріп, «мен де мектепке барамын» деп айтудан жалықпаппын. Ақыры ата-анам менің қалауымды қимады да, бір жыл ерте мектепке берді. 2000 жылы туған ауылымдағы мектептің табалдырығын аттадым. Таңғы салқын ауа, қолыма қысып ұстаған жаңа сөмке, дәптердің әлі кеппеген сиясы, балалардың шат күлкісі – бәрі әлі де есімде. Ол күндер мен үшін өмірімнің жаңа парағы ашылған кез болды.

— Алғашқы ұстазыңыз кім болды?
— Біздің алғашқы ұстазымыз – Бейсенова Роза апай еді. Ол кісі сол жылдары жас маман болатын, ал біз оның ең алғашқы сыныптарының біріміз. Жас болса да, әр балаға мейіріммен қарап, бізге әріптерді үйретіп, білімге деген құштарлығымызды оята білді. Қазір де сол ауылда жұмыс істеп, бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Біз үшін ол – ерекше жан. Оның отбасын да бүкіл ауыл құрметтейді. Жолдасы Руслан аға – еңбекқор әрі сыйлы азамат. Балаларының бірі ұстаздық жолын жалғастырса, бірі спортта жетістікке жетіп жүр. Біз апайымызды ғана емес, бүкіл отбасын мақтан тұтамыз.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында жаңа басшы

Гүлбағда Қайратқызы, Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы

— Алғашқы қоңырау есіңізде ме?
— Иә, ол сәт ешқашан есімнен шықпайды. 1997 жылы Шалқар ауданындағы Әліби Жангелдин атындағы мектепке бірінші сыныпқа бардым. Бірқабатты, ескі мектеп болатын. Алғашқы қоңырауды соққан оқушы болу бақыты маған бұйырды. Үйдің тұңғышы болғандықтан, ата-анам да ерекше қуанып, бұл күнді үлкен мереке ретінде атап өтті. Әкем мен анам менімен бірге салтанатты жиынға қатысып, мені қолымнан жетектеп мектепке кіргізді. Кластағы балалардың бәрі толқып, жаңа өмірге қадам басқаны сезіліп тұрды. Ол толқу мен үшін әлі күнге дейін ең қымбат естеліктердің бірі болып қала берді.

— Қандай ұстаздарды еске аласыз?
— Бастауыш сыныпта біз үш түрлі мұғалімнен тәлім алдық. Алдымен Күләй апайымыз болды, аз уақыт болса да, әрқайсымызға мейірімін төгіп, білімнің алғашқы әліппесін үйретті. Кейін Жайшылық апай келді, ол кісінің сабырлы мінезі, ұстаздық байсалдылығы бізге үлгі болды. Бірінші сыныпты аяқтағаннан кейін сыныбымызды Алма Сейітжапарова апай қабылдады. Ол кісі біз үшін екінші анамыздай еді: әрбір сабағы жүрегімізде із қалдырды, әр сөзі бізді шабыттандырып отырды. Осы үш ұстаздың арқасында мен үздік оқушылардың қатарынан көріндім. Бүгінгі жеткен жетістігімнің бәрінде олардың еңбегі бар деп білемін.

Ал сіз алғашқы ұстазыңызды еске аласыз ба?
Пікір қалдырып, бөлісіңіз. Алғашқы ұстазыңыздың есімі кім еді, мектепке алғаш барған күніңізден қандай оқиға есте қалды?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *