«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2024 жылдың басынан бері теміржол өткелдеріндегі жол-көлік оқиғаларының саны артқанын хабарлады.
Компания мәліметінше, жыл басынан бері: 19 жол-көлік оқиғасы тіркелген, 9 адам жарақат алған, 280 ереже бұзушылық анықталған, 1400-ден астам профилактикалық рейд өткізілген.
«Барлық жол апаттары автокөлік жүргізушілерінің кінәсінен болған. Көбінесе олар жабық шлагбаумды айналып өтіп, тыйым салатын белгілерді елемейді», — делінген компания хабарламасында.
Теміржолшылар көліктегі желілік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, автокөлік кәсіпорындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы уақытқа дейін 448 түсіндіру жиналысы өткізіліп, оған 14 мыңнан астам жүргізуші қатысқан.
«Теміржол — қауіптілігі жоғары аймақ. Сондықтан жүргізушілерден өткелдерден өту кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз», — деп атап өтті ҚТЖ өкілдері.
Еске сала кетейік, теміржол өткелдеріндегі ереже бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.