Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысында бір сарбаз көз жұмғанын хабарлады. Бұл туралы Азаттық жазады.
Ресми ақпарат бойынша, ҰҚК шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысындағы департаментінде 7 қарашада бір сарбаз көз жұмған.
«Алдын ала ақпарат бойынша, өлімге суицид себеп. Полиция органдары Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады» деп жазылған ҰҚК хабарламасында.
Марқұмның туысының Азаттыққа айтуынша, 18 жастағы сарбаз сегіз ай бұрын әскери борышын өтеуге кеткен. Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тумасы, отбасында бес баланың үшіншісі.
Туысының айтуынша, әскерилер марқұмның жақындарына «сарбаз өзіне екі рет оқ атып, қаза болған» деп хабарлаған. «Өзіне қол салуы мүмкін емес» деді марқұмның туысы Азаттық тілшісіне.
Сарбаз 5 желтоқсанда 19 жасқа толған болар еді.
Бұған дейін қорғаныс министрлігі кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген. Ресми ақпаратқа сәйкес, олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп болған.
Биыл әскердегі сарбаз өлімі жиілеген тұста ePetition.kz порталында міндетті әскери қызметті алып тастау туралы петиция жарияланған. Қазақстанның қорғаныс министрлігі «бұл бастаманы елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру» деп атап, «елдің қорғаныс мәселесі петицияға негіз бола алмайды» деп мәлімдеген.