«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады. «Сұхбат туралы сұхбаттың» кезекті кейіпкері журналист, YouTuber Ербол Сейілхан.
— Ербол, YouTube-тен канал ашыпсыз. Құтты болсын! «Ерболдың арнасында елдің сөзін айтайық!» деген екенсіз. «Елдің сөзі» деген тұсын тарқатыңқырап айтып бересіз бе? Каналыңыздың бағыт-бағдары қандай болады?
— YouTube-тен канал ашу аса қиын емес. Алты-ақ секундтық шаруа. Бірақ ол каналдың стратегиясы, менеджменті болуы керек. Не мақсатта ашқалы отырсыз? Кімге керек? Алдын-ала зерттеу және зерделеу қажет болады. Аудиторияңның демографиясы, психологиясы туралы да ақпаратың болуы шарт.
Мен велосипед ойлап тапқаным жоқ. Біраз ойлана келе сол баяғы өзімнің оң жамбасыма келетін сұхбат жанрын таңдадым. «Erbol Seilkhan» — әлеуметтік, қоғамдық, халықтық бағыттағы арна. Яғни, көптің көкейінде жүрген сауалдарға спикерлермен бірге жауап іздейміз.
Қазақстанда YouTube каналдар БАҚ ретінде мойындалмайды. Билік те, көрермен де желідегі парақша ретінде ғана қарайды. Сондықтан жуырда сайт ашпақ ойым бар. Яғни, YouTube арнамдағы дүниелердің жазбаша нұсқасын жариялап, видеолар жүктеп, «Erbol Seilkhan-ды» мултимедиялық веб-сайтқа айналдырсам деймін. Әрине, қалай боларын уақыт көрсетер. Бірақ мен бір жерде тоқтап қалғым келмейді.
Соңғы деректерге қарағанда, Қазақстан халқының 12 миллионға жуығы YouTube-ті тұрақты түрде көреді екен. Мен де бастапқыда сол көп көрерменнің санатында едім. 2019 жылы YouTube-та «Азаттық рухы» деген арнаны бастадым. Жазылушылар саны жүз мыңға жетті. Одан кейін «Сұрауы бар» арнасын аштық. Ол каналға жазылушы саны 300 мыңға жетті. Екеуін де нөлден бастап табысты, өз-өзін ақтайтын , өз-өзін монетизациялаған, өз күнін өзі көре алатын деңгейге жеткіздік.
— Сіз YouTube-ке дәстүрлі БАҚ-тан келген адамсыз. Қазір журналистердің арасында блогерлер көп. Журналистиканы блогерлікке айналдырып жібергендер туралы не айтасыз?
— Елімізде жаңа медиа қарқынды дамып келеді. Бірақ дәстүрлі медиа да өз жұмысын атқарып жатыр. Бұған дейін оқырман өзіне керегін дәстүрлі медиадан тауып келсе, әлеуметтік желілер пайда болғалы халық альтернативті жаңалық оқуға, басқа да материалдарды көруге мүмкіндік алды.
Яғни, жаңа медиа Қазақстанда азаматтық журналистиканың қалыптасуына, дамуына ықпал етті. Осы арқылы дәстүрлі медиа көрсете бермейтін, тіпті кей тұста тісі батпайтын тақырыптар айтыла бастады. Жаңа медиа осы тұрғыдан және ыждағаттылығымен халыққа етене жақын бола түсті.
Әрине, әрдайым ел назарында болғанымен YouTube — аузыңа келгенді айтатын жер емес. Каналдың аудиториясы қаншалықты үлкен болса да, қоғамдық пікірге ықпал ете алатын деңгейге көтерілсе де бәрібір жаңа бағытта жүргендер журналист этикасын сақтауы тиіс. Заңды білмеу — ешкімді де жауапкершіліктен құтқармайды.
Иә, жаңа медиадағылардың басым көпшілігі дәстүрлі медиадан шыққан. Соның бірі — мен. Екі тараппен де жақсы таныс адам ретінде блогерлерге журналистің нанын тартып алушы деп қарай алмаймын. Қазақстанда аудиториясы мемлекет қаржыландыратын ірі БАҚ-тың оқырманынан көп блогерлер бар. Олар қоғамдық пікірге ықпал ете алады. Демек олармен санаспау қате.
Әрине, блогердің де түр-түрі болады. Бірақ өз басым күндердің бір күні санның сапаға айналатынына сенемін. Иә, қазір оңай пайда табуды көздеп елді бопсалайтындар, қолындағы ақпаратты тексермей, жалған мәліметтерді тарата беретіндер де бар. Меніңше, Қазақстанда блогерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту керек. Өйткені кез-келген ақпарат ел ішін алатайдай бүлдіруі мүмкін.
Ал маған келер болсақ, мен ең алдымен журналистпін. Егер сіз дәстүрлі БАҚ-та тым болмаса бір жыл жұмыс істеген адам болсаңыз, журналистиканың стандарттары бойыңызға сіңіп қалады. Одан енді қайтып арыла алмайсыз.
— Жаңа медиаға деген симпатия тектен-тек пайда болмаған болар. YouTuber болудың артықшылықтарын санамалап беріңізші?
— Ең бастысы, YouTube еңбекті бағалайды. Контентті монетизациялау мүмкіндігі бар. Мәселен, сіздің еңбегіңіз төрт мың сағаттық көрілім жинап, жазылушы саны мыңнан асып кетсе, Google-ға өтініш беріп, монетизациялай аласыз.
Видеоңыз бес жүз мың немесе миллион көрілім жинауы мүмкін. Ондай жағдайда ай сайын ақы аласыз. YouTube талдау жасайды да, картаңызға төлемді аударып жібереді. Мысалы, менің осыдан 3-4 жыл бұрын түсірген видеоларым каналдың қазіргі иелеріне әжептәуір қаржы әкеліп отыр.
Қазақстанда YouTube-тің оқуы жоқ. Ниеті бар адамға видеохостинг бәрін өзі үйретеді. Тек тынбай түртпектей берсеңіз болғаны. Әлем бойынша қолданушылардың 70 пайызы бұл видеохостингті қалта телефонынан көреді екен. Демек қолыңызда интернетке қосылған смартфон болса, видеоны жатып та, тұрып та көре беруге болады. Бұл артықшылық па? Әрине, артықшылық!
Мен біраз жыл телевидениеде істедім. Телевидениеде шектеу көп. Қандай керемет сұхбат болса да 30-40 минут қана уақыт беріледі. Және ол бағдарлама эфирге белгілі бір уақытта ғана шығады. Апталап күтіп жүресің. Ал уақыт — ақша. Қазір көлікте, ұшақта келе жатып-ақ сұхбат беретіндер бар. Спикердің сізге қолайлы уақытта студияңызға келетін уақыты болмауы мүмкін.
Меніңше, даңғарадай студия, ондағы түрлі жарық, сансыз персонал — бәрі ресурс, бәрі ысырап. Өмірді қолдан қиындатып не керегі бар? Бұл- дәстүрлі БАҚ-тың дәурені өтіп бара жатыр деген сөз емес. Адамдар әртүрлі, олардың талғамы әртүрлі. Таңдау көп болғаны дұрыс.
— Ербол, YouTube каналыңыздың ашылғанына екі апта толмады. Бірақ 34 мыңнан астам жазылушы жиналыпты. Бұл көп емес, бірақ аз деп те айтуға болмайды. Әріптестеріңізге арналған лайфхактарыңыз болса, мархаббат.
— Білгенімді бөлісуге әрдайым дайынмын. Бірақ өзімнің де білетінім — бір тоғыз, білмейтінім — тоқсан тоғыз. YouTube-те танымал болғың келсе, табысты болғың келсе, тұрақтылық керек. Кей әріптестер айғайлатып тұрып канал ашады да, оған ет қызуымен үш-төрт ай видео салады. Сосын жоқ болып кетеді. Өз тәжірбиемнен білетінім, YouTube тұрақты авторларға басымдық береді.
Мысалы, газеттерді алайықшы, ондағы сала-құлаш материалдарды жұрт оқымауы мүмкін. Сол мақаланың ел назарын аударар тұстарын алып бір минуттық ролик дайындап, әлеуметтік желілерге жүктеуге болады. Бұл жұмысты үзбей, мақсатты түрде жүзеге асырып отыру керек.
Аймақтағы әріптестер өзі тұратын жердің құнды тарихын, жәдігерлерін, ерекше тұлғаларын түсіріп, көрерменге қызықты контент ұсынса, ол міндетті түрде бағаланар еді.
Бәрін былай қойғанда YouTube — әжептәуір табыс табуға болатын платформа. Жалақым аз деп жыланғаннан сіздің жағдайыңызды ешкім жақсартып бермейді. Бүгін ештеңе өзгертпесеңіз, ол ертең де өзгермеуі мүмкін. Сондықтан ең тамаша күн — бүгін.
— Осы позитив нотада сұхбатымызды аяқтайық. Уақыт бөлгеніңізге рахмет!