Ресей президенті Владимир Путин Украинаға орта қашықтыққа ұшатын жаңа баллистикалық «Орешник» ракетасымен соққы жасағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл Киевтің «америкалық және британдық алысқа ұшатын қару түрлерін» пайдалануына жауап. Бұл жөнінде Путин 21 қараша кешке видеомәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды Азаттық.
Днепрге баллистикалық ракетамен соққы жасалғаны 21 қарашада күндіз белгілі болған.
Путиннің сөзінше, оның алдында 19 және 21 қарашада америкалық және британдық ATACMS және Storm Shadow ракеталары Ресейдің Курск және Брянск облыстарындағы нысандарға соққы жасауға пайдаланылған. Путин Курск облысында шетел ракеталары командалық пунктті нысанаға алғанын растады. Оның сөзінше, қаза болғандар мен жараланғандар бар, бірақ олардың санын нақтыламады. Дегенмен оның айтуынша, командалық құрам зардап шекпеген.
«Америкалық және британдық алысқа ұшатын қару түрлерін пайдалануға жауап ретінде 21 қарашада Ресейдің қарулы күштері Украинадағы қорғаныс-өнеркәсіп кешені нысандарының біріне соққы жасады» деді Путин.
Ол «Орешникті» «Ресейдің ракета жүйесіндегі орта қашықтыққа ұшатын ең жаңа» гипердыбыстық ракеталарының бірі деп атады. Оның сөзінше, оған қазір қарсы тұратын қару жоқ, «ракеталар секундына 2,5-3 шақырым жылдамдықпен шабуылдайды».
«Сынақ сәтті өтті, нысанаға дәл тиді» деді ол. Путиннің сөзінше, ракета Днепрдегі «Оңтүстік машинақұрылыс зауытын» нысанаға алған.
Әскери сарапшы Ян Матвеев «Орешник» «РС-26 «Рубеж» кешенінің өзгертілген нұсқасы болуы мүмкін деп топшылайды.
«Олай болса, бұл жүйе қымбат және көп таралмаған, әдетте мұндай ракеталар жылдар бойы құрастырылады» деді ол.
Путин видеомәлімдемесінде сонымен бірге Батыс елдеріне қоқан-лоқы жасады.
«Біздің нысандарға қару қолданған елдердің әскери нысандарына қарсы қаруы қолдануға құқымыз бар деп санаймыз. Агрессия күшейген жағдайда батыл әрі сәйкесінше жауап береміз» деді Путин.
Ресей әскері 21 қарашада Украинаға шабуылдаған. Украина қарулы күштерінің мәліметінше, шабуыл кезінде құрлықаралық баллитикалық ракета да қолданылған. Кейін Америка шенеуніктеріне сүйенген батыс ақпарат құралдары Ресей орта қашықтыққа ұшатын тәжірибелік баллистикалық ракетасын пайдаланғанын жазды. АҚШ әкімшілігіндегі дереккөзге сүйенген BBC-дің жазуынша, Ресей билігі бұл мүмкіндікті Украина мен оның жақтастарын қорқыту үшін пайдаланбақ.