Азаматтық қоғам

Маңғыстаудың 20 белсендісі Қазақстанның өзге облыстарында тағылымдамадан өтіп келді

Маңғыстау облысы Азаматтық альянсының бастамасымен биыл осы өңірдің 20 азаматтық қоғам белсендісі Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай қалаларын аралап, тағылымдамадан өтіп келді, деп хабарлайды TilshiNews.kz осы бастаманың авторларына сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы Азаматтық альянсының президенті Жібек Ахметованың айтуынша, «Үкіметтік емес ұйым тағылымдамасы» жобасына барлығы 40-тан астам өтініш келіп түскен. Арасынан 20 үздігі іріктеліп, еліміздің бірнеше қаласында Азаматтық сектор тәжірибесімен танысу мүмкіндігіне ие болған.

«Жеңімпаздар қатарында «Ана махаббаты», «Саламатты ел», «Бәйшешек», «Шуағыңды шаш», т.б. жергілікті қоғамдық бірлестіктер мен қорлар өкілдері болды. Сапарымыз Астана қаласынан басталды. Елордада біздің делегация «Камеда» қорының жұмысымен танысты. Біздің белсенділерге аталған ұйым арнайы тренинг ұйымдастырды. Сонымен бірге, Астанадағы «Орда Аутизм» ұйымының жұмысын көрдік. «Қорғау Астана» ұйымы да есігін айқара ашты», — деді Жібек Ахметова «Тілшіге» берген сұқбатында.

Маңғыстаулық делегация әрі қарай қостанайлық әріптестерінің жұмысымен танысты, сапар Алматы және Шымкент қалаларында жалғасты.

«Мұндай жоба біздің өңірде, тіпті, ел көлемінде алғаш ұйымдастырылып отыр деп ойлаймын. Маңғыстау облысы Азаматтық альянсының президенті ретінде осы өңірдегі азаматтық қоғамның мықты, сапалы болғанын қалаймын. Өз басым бұл жобаның қалай жүзеге асатынына қатты мән бердім. Өйткені, егер қатысушылардың көңілінен шығып, азаматтық қоғам жұмысының сәл де болса жақсаруына үлес қосатын болса, әрине, алдағы уақытта да жалғастырғымыз келеді», — деп ағынан жарылды альянс президенті Жібек Ахметова.

Айта кетейік, «Үкіметтік емес ұйым тағылымдамасы» жобасы Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ҮЕҰ-ға арналған гранттардың бірегей операторының грантымен жүзеге асырылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *