Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында өңірдегі экологиялық қауіпсіздік және қоршаған ортаның жағдайын жақсарту мәселелері қаралды.
Облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов өңірдегі экологиялық проблемаларды кешенді шешуге бағытталған жол картасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
Жол картасы аясында 44 шара өткізу жоспарлануда. Олардың бірқатары сәтті аяқталған. Мәселен, биылғы 9 айда атмосфера шығарындыларының нақты көлемі 90,5 мың тоннаға жеткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға аз.
Жол картасын жүзеге асыру аясында биыл Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №1 және №2 цехындағы пештерді жаңғырту, сондай-ақ 70-тен астам аспирациялық қондырғыны ауыстыру жұмыстары аяқталады. Ал Ақтөбе хром қосындылары зауытында жаңа электр сүзгісі орнатылып, ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар мөлшері 63%-ға азайды.
Қандыағашта «Кентавр» ЖШС карталарды тазалауды жалғастыруда. «ҚазТрансОйл» АҚ мен «Мұнай Тас» СБҚК» ЖШС Кеңқияқтағы мұнай сақтау резервуарындағы шығарындыларды азайту бойынша жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ табиғи полигондарды жою жұмыстары жалғасуда.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев облыста өткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының қорытындысын жариялады. Ел Президентінің тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан акция өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсартуға және аумақтарды абаттандыруға бағытталған.
Акцияға 418 мыңнан астам ақтөбелік, кәсіпорын мен ұйымдардың 11 мың қызметкері қатысты. Жалпы саны 105 мың аула, 103 мың жеке тұрғын үй, 1500 әлеуметтік нысан қалпына келтірілді. 207 су қоймасы, 44 субұрқақ, 94 мың метр суару арықтары тазартылды. Сондай-ақ 291 саябақ пен алаң қоқыстан тазартылып, 356 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Полигонға 74 мың тонна қоқыс шығарылды.
Басқарма басшысы мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың және қарапайым азаматтардың бірлескен жұмысының арқасында өңірдегі экологиялық жағдай айтарлықтай жақсарғанын, сонымен қатар тұрғындардың экологиялық мәдениетінің деңгейі көтерілгенін атап өтті.
Облыс әкімі жол картасының орындалуын бақылауда ұстауды және өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жоспарланған барлық іс-шараның уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.