Aqtobe Day Company

40 жылда бір рет те ережені бұзбаған: хромтаулық жүргізушінің өмір жолы

Фото: Жанболат Таниберген

Дөң тау-кен байыту комбинатының автокөлік және механизм цехында еңбек етіп жүрген хромтаулық Амангелді Мурзагуловтың көлік тізгіндеп келе жатқанына биыл – 40 жыл. Осы уақыттың ішінде бір де бір рет ережені бұзып көрмепті. Саналы ғұмырын тәртіп пен төзімге жүгендеген еңбек адамы өндіріске келгеніне өзіне разы. Кейіпкердің негізгі мамандығы – дәнекерлеуші. Алайда, ағасынан үйренген шопырлықты өмірлік кәсібіне айналдырған.

Қазір кәсіпорын жұмысшыларды өндірістік алаңдарға жеткізу үшін жаңа технологиямен жабдықталған жайлы автобустармен толығымен жатыр. Олардың тізгінінде Амангелді Мурзагулов секілді қырағы жүргізушілер отыр. Жалақыға емес, жан қалауымен жұмыс істейтін жүргізушілердің көшін бастап тұрған да Амангелді Мурзагулов. Кәсіби мерекелерде корпоративтік наградаларамен марапатталып, маңайына еңбек адамының үлгісін көрсетіп жүр.

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында 15 жылға жуық автобус жүргізуші болып келе жатқан Амангелді Абдуллаұлы шопырлық қызметті 1985 жылдан бастаған. Тоғыз ағайындының бесіншісі өзінің алдындағы екі ағасына қарап бой түзеп, ержетеді. Үлкенінен шопырлықты үйренсе, екінші ағасының кеңесімен дәнекерлеу ісін оқып алады.

Бұл кәсіпорында Мурзагуловтарды әр цехтан кездестіруге болады. Кейіпкеріміздің кезінде аға-інілері жұмыс істесе, қазір олардың балалары мен өзінің екі қызы Әсел мен Аружан да комбинаттың бөлімшелерінде еңбек етіп жүр.

– О баста келгенде «ПАЗиК» пен «Урал» көліктеріне отырдым. Кейін комбинат цехтарына қызмет көрсететін жедел жәрдемде жүрдім. Біраз уақыт өткен соң цехқа әкелген 45 орындық жаңа автобусты тізгіндедім, — деп әңгімесін жалғады.

Автопаркке таңғы бес жарымда келіп, алдымен автобустың май-суын тексеріп, таңғы ауысымға шығатын жұмысшылар үшін көлікті жылытып, ішін тазалап, дайындап алады. Айтуынша, тазалық өзімізден басталады. Сағат алты жарымда орнынан қозғалып, қала шетіндегі «По пути» аялдамасынан адамдарды салып алып, әрі қарай «Молодежная» шахтасына жол тартады. Ол жаққа таңғы ауысымның жұмысшыларын жеткізіп, түнгі аусымнан шығып жатқан шахтерлерді күтіп алып кетсе, түсте қайтадан жұмысшыларды әкеліп, түнгі 12-де жұмысын аяқтаған адамдарға қайта келеді.

– Автобусқа бұрын бір рейске  ең кемі 110 адам мінетін. Шыны керек, көліктің ішін таза ұстағанды ұнатамын. Мінген адам да соны ұқса екен деймін. Өзгеден сол нәрсені талап ету үшін, өзімізден бастау қажет. Өмірдің қай тұсында болмасын, адамдарға үлгі болып жүргім келеді. Жасым алпыстан асты. Жастайымнан осы қағиданы ұстанамын. Одан жаман болмадым, — деп тәрбие тұсынан да мысал келтірді.

– Екі қызыма ең жақсыны сыйлағым келді, ең жақсыны үйреткім келді. Айтқым келгені, Дөң комбинаты маған көп мүмкіндік сыйлады. Тұрақты жұмыс орным, уақытылы табысым болғасын, қыздарымның қалаған маман иесі болуына көмегімді бере алдым. Екіншіден, бұл кәсіпорын адамды тәртіпке үйретеді, жауапкершілікке баулиды. Балаларым да өз ісінде жауапты мамандар. Мен осымен мақтана аламын.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  "Үйде үш балам күтіп отыр": қатерлі ісікке шалдыққан ақтөбелік мейірбике жанайқайын айтты

Көпшілікке қарапайым болып көрінгенімен, Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатының автокөлік жүргізушілерінің қалтқысыз тірлігін бір ғана Амангелді Абдуллаұлының еңбек жолымен суреттегендейміз. «Жұмыстан артық сұрануды әдетке айналдырмаңдар» деген азамат цехқа келіп жатқан жастарға тәлімгерлік етіп, тәжірибесімен бөліседі.

Арайлым Ғани

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *