Қазақстандық YouTube алаңында қазақ тілінде сапалы ғылыми контент жасауға бағытталған жобалар көбейіп келеді. Солардың бірі – Biz арнасының подкастары. Ғылымды қазақша «сөйлетуді» мақсат еткен бұл жоба тек білікті мамандардың қатысуымен, деректерге негізделген өзекті тақырыптарды талқылаумен ерекшеленеді. Команда жобаны қалай бастады, қандай қиындықтарды еңсерді және алдағы мақсаттары қандай? Осы және басқа да сауалдарға жауапты төмендегі сұхбаттан таба аласыз.
Подкаст туралы айтып беріңіз. Қалай және неден басталды? Концепциясы қандай? Негізгі идеясы неде?
Biz арнасында бірнеше жоба бар екенін айта кетейін. Ең алғашқы шығарылымымыз – «Маманға сұрақ» жобасының бірінші саны 2023 жылдың 1 қыркүйегінде жарияланды. Кейін «Мен» атты жоба қосылды. Осыдан соң подкаст жаза бастадық. Жақында ғана YouTube арнамыз жаңа «BalAuen» жобасымен толықты.
Әр жоба өз концепциясына сай ерекше. Ал өзім жүргізетін подкаст – Bizdin podcast туралы айтсам, бұл – ғылыми бағыттағы подкаст. Әр шығарылымға белгілі бір салада зерттеу жасап жүрген мамандарды шақырамыз. Мысалы, бірқатар шығарылымдарымыз медицина тақырыбына арналды. Біз көрерменді толғандыратын қарапайым сұрақтарға нақты дерекке сүйене отырып жауап беруге тырысамыз. Сонымен қатар, аудиториямыз кез келген ақпаратқа ғылым призмасынан қарап үйренсе екен дейміз.
Подкасты бастауға не себеп болды?
Бұл жобаның басталуына өзіміздің қажеттілігіміз түрткі болды. Біз кәсіби мамандарды тыңдағымыз келеді. Сондықтан ғылыми дәрежесі бар немесе бір салада ондаған жыл жұмыс істеген білікті мамандарды шақырамыз. Жобамыздың ерекшелігі – қонақтың өмірбаянын ашу емес, ғылымдағы маңызды мәселелер мен жаңалықтарды талқылау.
Жобаны жасауда қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?
Ең басты қиындық – тіл мәселесі. Кейбір мамандар тек орыс тілінде сөйлейді. Ал біз қазақша контент жасап, ғылымды қазақша «сөйлетуді» мақсат тұттық. Осы себепті қонақ іздеуде кейде шектеу болады.
Айта кетерлік жайт, «Мен» жобасының сурдоаудармашыға арналған шығарылымы орыс тілінде шықты. Себебі кейіпкеріміз өз ойын қазақша жеткізе алмағандықтан, орысша сөйлестік. Қызығы, сол шығарылым көп қаралым жинап, арнамызға жаңа аудитория тартты. Аналитика көрсеткендей, көрермендердің басым бөлігі ресейліктер болған. Олардың өзінде мұндай жобалар бар екеніне қарамастан, біздің контентке қызығушылық танытқаны ерекше әсер етті.
Жобаның жұмысына қаржыны қайдан табасыздар? Бюджет ұлғайса, қандай нәтижеге қол жеткізер едіңіздер?
Жобаны қаржыландыру үшін командамен қосымша медиажобалар жасап, тапсырыс аламыз. Сол қаражатты пайдаланамыз, ал жетпей жатса, өз қалтамыздан қосамыз. Бұл жобаны толықтай энтузиазммен жасалып жатқан дүние деп айтуға болады.
Былтыр Аманат партиясының медиа сайысында 1 млн теңге жеңіп алдық. Сол қаражат біраз уақытқа қажеттілігімізді жапты. Жалпы, түрлі байқауларға, гранттарға қатысып көрдік, бірақ көбіне сәтсіз аяқталды. Ендігі мақсатымыз – коммерциялық коллаборациялар жасап, жарнамадан қаржы табу. Егер біреу жобамызға қызығып, қаржыландырғысы келсе, ұсыныстарды қарауға дайынбыз.
Жобаның қазіргі жетістіктерін қалай бағалайсыз? Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
Қазіргі таңда біздің арнаға 3400-ден астам адам жазылды. Ең көп қаралым жинаған видеомыз – «Мен» жобасының алғашқы шығарылымы, онда «Қалеки» театрының актері Олжас Дәлелхан қонақ болды.
Бұрын жобаларымызға танымал емес, аудиториясы жоқ қонақтарды шақыратынбыз. Жақында бастаған BalAuen жобасы жаңа кеңістікке жол ашты. Мұнда музыкатанушы Балнұр Сардарбек отандық және шетелдік әншілердің шығармашылығын ғылыми тұрғыдан талдайды. Танымал адамдар жайлы айтылатындықтан, бұл жобадан көп қаралым күтеміз. Сонымен қатар, қазақ тілінде музыканы ғылыми түрде талдайтын мұндай жобаның жоқтығы аудиторияны кеңейтуге ықпал етеді деп ойлаймын.
Жобаны жасаушы команда туралы айтып беріңіз. Қандай рөлдер бар?
Алғашында жобаны төрт адам бастап едік: продюсер, оператор, дизайнер және мен – редактор. Кейін командаға музыкатанушы (BalAuen жобасының жүргізушісі) мен SMM маман қосылды. Осылайша, қатарымыз көбейіп жатыр.
Бізді біріктіретін ортақ мүдде – сүйікті ісімізбен айналыса жүріп, пайдалы әрі мазмұнды дүниелер жасау. Жиі жиналып, «мынадай жоба жасау керек» деп талқылаймыз. Қазақ YouTube-ында бос орындар көп, бірақ оны толтыру үшін уақыт пен қаржы сияқты ресурстар қажет.
Уақыт бөліп сұқбат бергеніңізге рақмет. Редакция атынан ісіңізге табыс тілейміз!
Анықтама: Biz – ғылымды халыққа қолжетімді етіп, қазақ аудиториясын сапалы контентпен қамтамасыз ететін ерекше жоба. Команда кәсіби мамандарды шақыру арқылы ғылым мен мәдениетке деген қызығушылықты арттырып, өз көрерменіне пайдалы әрі маңызды ақпарат ұсынады. Алдағы уақытта аудиториясын кеңейтіп, жаңа бағыттармен дамитыны сөзсіз. Егер сіз ғылым мен мәдениетке қызығатын болсаңыз, арнаға жазылып, жобаны қолдаңыз!
Азамат Махамбет,
арнайы Tilshi Media үшін