Семей полигоны – Қазақстан тарихындағы ең ауыр зардаптардың бірі. Ядролық сынақтар аяқталғанымен, оның салдары әлі күнге дейін миллиондаған адамның өміріне әсер етуде. «Уланған өлке» жобасы осы күрделі мәселені көтеріп, Семей полигонында зардап шеккен азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттігін қоғамға жеткізуді мақсат етеді.
Көпшілік бұл тақырып шешімін тапқан, заңмен реттелген деп ойлауы мүмкін. Алайда шынайы жағдай басқаша: 1992 жылы қабылданған заң бірнеше рет өзгеріске ұшырап, зардап шеккендердің жағдайын қиындатты. Мысалы, полигон аймағында тұрған әр жыл үшін берілетін бір реттік өтемақы мөлшері 85 мың теңгеден 3932 теңгеге дейін төмендеген. Зейнет жасына қатысты жеңілдіктер де алынып тасталған.
View this post on Instagram
Жоба жетекшісі Ақжарқын Қыдырханованың айтуынша, бұл бастаманың туындауына доктор, ғалым Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала» кітабы түрткі болған.
«40 жылдық ядролық сынақ, одан 1,5 миллион адамның зардап шегуі — өз елімізде ескерілмей келе жатқан тақырып. Мектеп оқулығында бұл оқиғаға бар болғаны екі абзац мәтін арналған», — дейді ол.
Полигон аймағына кірген Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары қатерлі ісік ауруы бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Денсаулық сақтау министрлігі бұған ядролық сынақтардың әсері бар екенін растаған. Радиацияның зияны ұрпақтан-ұрпаққа беріліп жатқаны да ғылыми тұрғыда дәлелденген.
Жоба аясында «Атом сарбаздарының» тағдыры да зерттелуде. Полигонда әскери борышын өтеген жауынгерлер қазір әлеуметтік статус беруді талап етуде. Олар өздерін Чернобыль апатын жоюға қатысқан азаматтардың мәртебесімен теңестіруді сұрайды.
qara.Paiym Media платформасында 2024 жылдың қазан айынан бастап Семей полигонының мәселесі, тарихы жөнінде материалдар жарияланып келеді. Instagram, TikTok, Youtube желілерінде жарияланған контенттерді миллионнан аса адам қараған.
View this post on Instagram
Белсенділер зардап шеккендерге берілетін өтемақы мөлшерін көтеру және зейнет жасын қалпына келтіру туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сауал жолдаған. Вице-министр Олжас Анафин зейнет жасын төмендетуді орынсыз деп тапқан, ал өтемақы мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылған.
«Комитет Полигон 21» қоғамдық бірлестігі де осы мәселені көтеріп жүр. Бірлестіктің атқарушы директоры Майра Әбенованың айтуынша, жұмыс «баяу» жүріп жатыр.
Жоба наурыз айына дейін жалғасады. Авторлар — Ақжарқын Қыдырханова мен Дарын Шөкенов қазіргі заң аясында халыққа берілетін жеңілдіктерді алу жолын түсіндіретін нұсқаулықтар әзірлеуді жоспарлап отыр. Оның ішінде емдік шипажайларға жолдама алу, жергілікті атқарушы билік ұсынатын жеңілдіктерді (тегін көлік тұрағы, кезексіз қызмет, баспана алу) пайдалану тәртібі де қамтылмақ.
Марат Төлепберген,
арнайы Tilshi Media үшін