Aqtobe Day Әлеумет

60 мыңнан астам ақтөбелік электр жарығына артығымен төлеп келеді. «Тілші» қала шетіндегі бау-бақша ұжымдарында болып қайтты

Суретте: Алмажан Нұрмұханова, “Локомотив депосы” бау-бақша ұжымының төрайымы

Ақтөбенің айналасындағы бау-бақша ұжымдарында қысы-жазы 60 мыңдай адам тұрып жатыр. Бірі Електің, енді бірі Қарғалының жағалауында шашыраңқы орналасқан жүздеген ұжымның ортақ бір мұңы бар. Ол — электр энергиясы.

Ақтөбе қаласында жеке тұлғалар үшін электр энергиясының тарифі — 18,67 теңге болып бекітілген. Бұл қосымша құн салығымен бірге есептегендегі баға. Ал бау-бақша ұжымдарындағы тариф бұдан анағұрлым қымбат. Саяжайлардың 22-32 теңге аралығында бекітілген өз тарифтері бар. Жарықтың ақысын сол тарифке сай бау-бақша ұжымының төрағасына немесе ұжымның кассиріне төлейді.

Мысалы, АЗФ-2 деп аталатын бау-бақша ұжымындағы тариф — 24 теңге. Осы ұжымның мүшесі Евгений Прохин электр энергиясына ай сайын 6 000 теңге төлейтінін айтады.

«Қалалық электр желілері жүйесіне қосылып, өзге де тұрғындар сияқты ортақ тарифпен ақы төлегіміз келеді. Бұл жерде мәселе тіпті жарықтың қымбаттығында да емес. Мәселе қызмет сапасында. Жарық үнемі жыпылықтап тұрады. Тоңазытқыш, теледидар сияқты техника түрлері қуаттың тұрақсыздығынан күйіп кете ме деп қорқып отырамыз. Су тартатын скважина да, үйді жылытатын қазандық та — бәрі энергияға тәуелді. Жарықсыз күніміз жоқ. Мен энергияны тегін тұтынып отырғам жоқ. Ақысын төлеп отырмын. Ақысы төленген қызметтің сапалы болғанын қалаймын», -дейді Евгений Прохин.

Прохиндер отбасы тұратын бау-бақша ұжымы ақтөбеліктер арасында «Промзона» аталатып кеткен ауданда. Бұл маңайда тоғыз ұжым бар. «Промзона» ғана емес, Ақтөбенің өзге де аудандарындағы бау-бақша ұжымдары қалалық электр желілері жүйесіне қосылмаған. Жарықты әр ұжым өз аумағындағы трансформатордан алып отыр.

Тұрғындар қысы-жазы тілеуін тілеп отыратын трансформаторлар әдетте темір шарбақпен қоршалады. Қоршаудың арғы жағына бөгде адамдар өте алмайды. Әр трансформатордың электр есептегіш жеке қондырғысы болады. Айдың аяғында тұрғындар өздері тұтынған энергиядан бөлек трансформатордағы ортақ есептегіш көрсеткен айырманың да ақысын төлейді.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбеде әйел жаңа туған сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлады

«Трансформатордың жұмыс істеуі үшін тоқ керек. Мұны бір делік. Екіншіден, трансформатордан бөлінген тоқ әр тұтынушының үйіне жеткенше тағы жағылады. Оны да өзіміз төлейміз. Одан қалды саяжайда тоқты ұрлап жағатындар да болады. Ақшам жоқ деп айдың соңында жарық ақысын төлемей қоятындар да бар. Осының бәрі жиналып келгенде қалтамызға әжептәуір салмақ түсіреді. Бірақ жарық ақысын төлемей отыра алмаймыз. Өйткені энергетиктер трансформаторды өшіріп кетсе, оны қайта қостыру да ақылы», — дейді «Локомотив депосы» саяжай ұжымының төрайымы Алмажан Нұрмұханова.

Ақтөбенің айналасындағы бау-бақша ұжымдарында жалпы саны 128 трансформатор бар. Оның ең ескісі 1958 жылғы. Яғни, зауыттан шыққанына 67 жыл болған.

Ақтөбеде қоғамдық қозғалыс құрып, саяжай ұжымдарының мәселесімен айналысып жүрген Вазих Ахтаев 128 трансформатордың басым көпшілігі қожайынсыз екенін айтады. Яғни, кезінде мекеме- кәсіпорындардың иелігінде болған трансформаторлар совет өкіметі құлағаннан кейін иесіз қалған.

«Саяжайлардағы трансформаторлардың иесі жоқ. Электр желілері де қожайынсыз. Бар жауапкершілік саяжай ұжымдарының төрағаларына міндеттелген. Бірақ құжаты жоқ, тұрған жеріне акт берілмеген трансформаторларға заң жүзінде ешкім иелік ете алмайды. Төрағалар ауызша ғана иелік етіп жүр. Сол себепті бау-бақшалардың бәріндегі трансформаторларды тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесіне өткізу керек. Оның екі жолы бар. Біріншісі меніңше, ең дұрыс жолы трансформатор тұрған жерді заңдастырып, жер актісін алу керек. Содан кейін ғана пайдалануға беру актісі тапсырылады. Құжаты түгел қондырғыны әкімдікке тапсыру оп-оңай. Ал екінші жолы трансформаторды иесіз деп тану үшін сотқа арыздану керек болады. Бірақ бұл кемінде 1,5 жылға созылатын ұзақ процесс», — дейді Вазих Ахтаев.

АЗФ-2 деп аталатын бау-бақша ұжымының төрағасы Вазих Ахтаев өздері жарық алып отырған трансформаторды тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесінің балансына өткізіп жіберген. Ахтаевтың сөзінше, оның артықшылықтары өте көп.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбе облысында Ойыл өзеніндегі өткел арқылы әскерилер 150 адамды эвакуациялады

Біріншіден, ескі трансформаторларды жаңарту мүмкіндігі бар. Өйткені қала өз балансындағы қондырғыны жаңартуға бюджеттен қаржы бөле алады. Екіншіден, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесі «Энергосистема» компаниясымен келісімшарт жасап, саяжайлардағы трансформаторларға жүйелі түрде қызмет көрсететін болады.

Вазих Ахтаевтың жетекшілігімен ақпан айында Ақтөбе саяжайларындағы бес трансформатор құжатталып, қала балансына өткен. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

«Қазір саяжай ұжымдарындағы қарапайым халық тарифтен таяқ жеп отыр. Тұрғындар төраға бекіткен тарифке көнуге мәжбүр. «Шүкір, жарық өшіп қалмаса болар» деп көнбістік танытады. Олай етуге болмайды! Тез арада иесіз трансформаторларды құжаттандыру керек. Одан кейін лицензиясы бар компания бау-бақша ұжымдарындағы трансформаторларды өз қарауына алып, ортақ тариф бекітсе, ешкімде өкпе де, реніш те болмас еді», -дейді Вазих Ахтаев.

Қазақстан заңдары бойынша шаруашылық мақсатындағы жерлерге салынған саяжай үйлері тұрғын үй қорына кірмейді. Соған қарамастан Ақтөбенің айналасындағы саяжайларды қысы-жазы 60 мыңға жуық адам паналап отыр. Мойындалмаған «микроаудандардың» тұрғындары жарық мәселесінің тезірек шешілуіне мүдделі.

«Тілші» жергілікті әкімдікке сауал жолдады. Жауабын күтеміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *