Ақтөбеде мал бағатын шаруа қожалықтарын GPS, чип секілді заманауи қондырғыларды қолданысқа әлдеқашан енгізе бастады. Соңғы уақытта малшылар қожалық басшыларынан дрон алып беруді өтіне бастаған.
Облыстың шалғай ауданындағы «Нұралы» шаруа қожалығының өкілі Кәмшат Төлеуова қарамағындағы малшылардың ұсынысын екі етпей орындауға бел буып отырған сыңайлы. Өйткені, мал шаруашылығында барымташылық болмай қоймайды, мал ұрлығының қашанда алдын алу керектігін жақсы түсінеді.
«Абырой болғанда, бізде мал ұрлығы жоқ. Соңғы жылдары барлық жабдықтарды алдық, үнемі қадағалап отырамыз. Малшылар сұраған техниканы алып беруге тырысамыз», — дейді Кәмшат Төлеуова.
Рас, 2021-ден 2022-ге қараған қыста мал жоғалыпты.
«Мал ұрлығының алдын алу үшін заманауи жабдықтар аламыз. Соңғы рет біздің шаруашылықта 2021 жылы мал ұрланды. Бірақ, анықталғандай, оған өзіміздің адамдардың қатысы болып шықты. Мал ұрлығының арты ашылмады, ақыры аяқсыз қалды. Жеме-жемге келгенде малшымыз айнып қалды, мүмкін оны қорқытқан болу керек, кім біліпті. Малды қолды қылған адамды да білдік, бірақ дәлеліміз болмады. Малшы да, анасы да артынан басқаша сөйлеп кетті. Содан кейін ірі қараға чип салуға тура келді. Жылқының барлығына қазіргі таңда GPS орнаттық», — дейді «Тілшіге» шаруа қожалығының өкілі.
Мал ұрлығына қатысты полицейлердің есебі де көңіл көншітпейді. Былтырдың өзінде Ақтөбе облысында 41 мал ұрлығы дерегі тіркелген. Оның 16-сы бойынша қылмыс ашылды. Ертеректе жасалған 8 ұрлық ашылса, 8-і оқиға ізі суымай ашылған.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұловтың хабарлауынша, келтірілген шығын мөлшері 198 млн.640 мың теңге шамасында.
«Жалпы, мал ұрлығы дерегі бойынша 18 адам, 3 қылмыстық топ ұсталған. Ал одан бір жыл бұрын (2023 жылы) 30 адам, 4 қылмыстық топ әшкере болған. Барымта бойынша облыста былтыр барлығы 7 жедел-алдын алу шарасы өткен. Жергілікті атқару органдары мал қамайтын 101 орын әзірлеген, оның 92-сі әкімдіктердің балансында. Шаруа қожалықтарымен келісімшарт негізінде 9 орын және қарастырылған. өткен жылы оларға қамалған мал басы саны 2000-нан асады. Оның 1456 басы ұрланған мал», — дейді «Тілшіге» берген сұхбатында Ерболат Сарқұлов.
Полиция мәліметінше, тұрғындар тарапынан ауыл шаруашылығы жануарларын бағу ережелерін бүзу жайттары да кезігеді. Ветеринация бағытында 329 құқық бұзушылық анықталған. Мал және ет өнімдерін құжатсыз тасымалдаудың 216 дерегі тіркелген. Ал сатуға қатысты 113 заң бұзушылық тіркелді.
Биыл алғашқы айда облыста 9 бас мал ұрлығы тіркелді. Оның жетеуі жылқы малы. Келтірілген шығын көлемі – 4,5 млн теңге.
Марат Төлепберген, «Тілші»