Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбедегі локомотив жөндеу депосындағы жарылыс: екі жұмысшы жарақат алып, біреуі мерт болды

Көрнекі фото: life.ru

26 маусымда сағат 17:20 шамасында Ақтөбе қаласындағы «Қамқор Локомотив» ЖШС құрамындағы локомотив жөндеу депосының аумағында жарылыс болды, деп хабарлайды «Тілші».

ZTB News Telegram арнасының хабарлауынша, жарылыстың болжамды себебі — деподағы қызметкер тепловоздың жанармай багын дәнекерлеген.

Жарылыс салдарынан екі қызметкер ауыр жарақат алды. Олардың денесінің 100%-ға жуығы термиялық күйікке ұшырап, тыныс алу жолдары зақымданып, күйік шогына түсті. Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккендер ес-түссіз жатты. Алғашқы көмекті сол жерде жұмыс істеген компания қызметкерлері көрсетті.

Оқиға орнына 20 минуттан кейін келген жедел жәрдем бригадасы зардап шеккендерді Ақтөбе қаласындағы жедел медициналық көмек ауруханасына жеткізді. Дәрігерлер екі қызметкердің де денесінде ауыр күйіктер, тыныс алу жолдарының зақымдануы және күйік шогы бар екенін анықтады.

Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірі ауруханада алған жарақаттарынан қайтыс болды. Марқұмның артында алты баласы қалды.

Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау үшін тергеу жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Қазақстанда жылжымалы мүлік кепілін тіркеу қызметіне сұраныс артты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *