Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Талғат Татубаев ұсталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады.
«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы 2025 жылдың 3 шілдесінде ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы, 2-бөлімінің 1, 2-тармақтарында көзделген қылмысты (азаптау) жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы басшысы Татубаев Т.М. ұсталғанын хабарлайды», — делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, қосымша дәлелдер жинауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеудің басқа мәліметтері жарияланбайды.
Талғат Татубаев 1976 жылдың 9 қазанында Қарағанды қаласында туған. Үшінші санатты жоғары біліктілік дәрежесіне ие. Құқық қорғау органдарындағы еңбек өтілі 20 жылдан асады.
Әр жылдары Ішкі істер органдарында, қаржы полициясында, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде, сондай-ақ Бас прокуратурада түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.
2016 жылғы қыркүйектен 2018 жылғы маусымға дейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының басшысы болды.
Кейіннен Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы болып тағайындалды.
«Құрмет» және II дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталған. Құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың басшылық құрамының Президенттік резервіне кіреді.
Айта кетейік, 2019 жылы Президенттің жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып қайта құрылған еді. Биыл 30 маусымда Антикор Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылып, оның базасында ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі құрылған болатын.