АҚШ-тың графикалық процессорлар өндірушісі Nvidia Corp. компаниясының нарықтық құны алғаш рет 4 триллион доллардан асты, деп хабарлайды «Іскер Тілші» Kapital.kz-ке сілтеме жасап.
Сәрсенбі күнгі сауда барысында Nvidia акцияларының бағасы 2,2% өсіп, нәтижесінде компания капитализациясы 4 трлн доллар межесінен асып кетті. Бір компанияның нарықтық құны осындай деңгейге жеткені бұрын-соңды болмаған жайт.
Бұған дейінгі рекорд Apple Inc.-ке тиесілі болған еді: 2024 жылдың желтоқсанында компанияның нарықтық құны 3,915 трлн долларды құрады.
Қазіргі таңда Nvidia – АҚШ қор нарығындағы ең қымбат компания. Екінші орында Microsoft Corp. (3,7 трлн доллар), үшінші орында Apple (3,19 трлн доллар).
Nvidia капитализациясы жыл басынан бері 20%-ға өсті. Бұл – жасанды интеллект (AI) технологияларында қолданылатын чиптерге сұраныстың артуымен байланысты. Соңғы төрт жыл ішінде компанияның нарықтық құны сегіз есе көбейген: қазір Nvidia-ның құны бүкіл Ұлыбританияның қор нарығынан да асып түсті (LSEG мәліметі).