АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путиннен көңілі қалғанын айтып, Мәскеуді Украинадағы қақтығысты 50 күн ішінде реттеуге шақырды. Егер осы мерзім ішінде келісімге қол жеткізілмесе, Трамп Ресейдің сауда әріптестеріне «өте қатаң тарифтер» енгізетінін ескертті, деп хабарлайды «Тілші» BBC-ге сілтеме жасап.
Овальды кабинетте НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен бірге отырып, Трамп Мәскеудің Украинадағы жағдайды шешуге қатысты ұстанымына разы еместігін айтты.
– Бұл мәселе әлдеқашан шешілуі керек еді деп ойладым, бірақ ол әлі де жалғасып жатыр, – деді АҚШ президенті. Оның сөзінше, Украинадағы соғыс бойынша Ресеймен төрт рет келісімге жетуге жақын болған.
– Егер 50 күн ішінде келісімге келмесек, біз өте қатаң, шамамен 100% көлемінде тарифтер енгіземіз. Бұл – Ресейдің сауда серіктестеріне бағытталған «екінші деңгейлі» тарифтер болады, – деді Трамп.
Сонымен қатар, АҚШ пен НАТО Киевке «шынайы ауқымды әскери техника» жеткізуге келіскен. Трамптың айтуынша, Вашингтон «ең сапалы қару-жарақ» шығарып, оны НАТО-ға береді, кейін альянс бұл қаруларды қажетті жерге жөнелтетін болады.
Еске сала кетейік, 7 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, 2025 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын барлық тауарларға 25% баж салығы енгізілетінін хабарлады.