Азаматтық қоғам

Азаматтық журналистердің цифрлық қауіпсіздігі мен құқықтық қорғанысы

Цифрлық қауіпсіздік: көзге көрінбейтін қауіп

Азаматтық журналистика – соңғы жылдары сөз бостандығы шектелген елдерде ерекше өзекті тақырыпқа айналды. Қолында смартфоны мен интернеті бар кез келген адам – бүгінгі күні оқиғаның куәгері, бақылаушысы, жаңалықтың алғашқы көзі бола алады. Бірақ бұл батыл әрекеттің артында қауіптер де аз емес. Әсіресе, сіз өз атыңызбен жазып, ашық әрекет етсеңіз.

Азаматтық журналист болу – бақылаушы ғана емес, кейде сыншы, кейде зерттеуші рөлін атқару. Бұл ерік-жігермен қатар, өзін-өзі қорғау дағдыларын қажет етеді. Дәстүрлі медиада редакция, заңгерлік қызмет, қорғаныс құралдары бар. Ал азаматтық журналист – жалғыз өзі. Сондықтан қауіпсіздік шараларын алдын ала қабылдау маңызды.

Tilshi Media командасы бірнеше жыл бойы азаматтық журналистиканы дамыту бағытында жобалар іске асырып келеді. Бұл жобалар арқылы өңір тұрғындары цифрлық қауіпсіздік, фактчекинг, ақпаратты заң аясында жариялау сияқты маңызды дағдыларды меңгерді. Осындай тренингтер кезінде көптеген қатысушылар өз парақшаларына шабуыл жасалғанын, белгісіз нөмірлерден қоқан-лоққы алғанын айтқан.

Цифрлық қауіп – сырт көзге байқалмайтын, бірақ өте қауіпті қысым түрі. Әлеуметтік желілердегі парақшаны бұзу, мессенджерлер арқылы тыңшылық, деректерді ұрлау, мекенжай мен жеке ақпаратты жариялау – мұның бәрі шынайы мысалдар. Көп жағдайда мұндай қауіптерге дайын болмаған блогерлердің жұмысы, тіпті өмірі қауіпке ұшырайды.

Tilshi тәжірибесі көрсеткендей, қарапайым қауіпсіздік ережелерін білмеген азаматтар өз контентінен айырылып қана қоймай, қоғамдық сенімнен де айырылады. Сондықтан тренингтер барысында біз екі факторлы аутентификация, шифрланған мессенджерлер, құпиясөздерді басқару сияқты құралдарға ерекше көңіл бөлеміз.

Құқықтық қолдау: жалғыз емес екеніңізді ұмытпаңыз

Цифрлық қауіпсіздік – мәселенің бір ғана жағы. Екінші жағы – құқықтық қорғау. Егер сіз әлеуметтік желіде сын айтсаңыз, лауазымды тұлғаларды атасаңыз, бейнематериал жарияласаңыз – сізге қысым түсуі мүмкін. Әкімшілік жаза, сотқа тарту, жала жапты деп айыптау, «жалған ақпарат» тарату сынды істер жиі кездеседі.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Азаматтық журналистердің құқықтық мәртебесі мен кәсіби міндеттері

Сондықтан сіз өз құқықтарыңызды білуіңіз керек. Азаматтық журналистің де сөз айту еркіндігі, ақпарат алу құқығы, дереккөзін жасырын ұстау құқығы бар. Бұл құқықтар Қазақстан заңдарында және халықаралық құжаттарда жазылған.

Tilshi Media құқықтық сауаттылықты арттыру үшін журналистер мен блогерлерге арналған мақалалар мен посттар дайындаған. Жоба қатысушылары нақты жағдайларда құқықтық көмекке жүгінуді, дәлелдер жинауды және құжаттауды үйреніп шықты.

Егер сізге қысым түссе – әр хабарламаны, скриншотты, жазбаны сақтап отырыңыз. Көмек сұраудан қорықпаңыз. Қауіпсіздік – бұл қорқу емес, бұл кәсібилік.

Бүгінгі цифрлық дәуірде қауіпсіздік пен құқықтық сауаттылық – әр журналисттің міндетті құралына айналуы керек. Себебі сөз бостандығының тірегі – қорғалған журналист.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *