Isker Tilshi

Теңге құнсызданып жатыр: доллар бағамы 550-ге жақындап қалды

Фото: pixabay.com

Қазақстандық теңге тағы да құнсызданып, 25 шілде таңертең KASE-дегі (Қазақстан қор биржасы) саудада доллар 545 теңгеге дейін қымбаттады, деп хабарлайды «Іскер Тілші».

Валюта нарығында белсенділік артып, сауда көлемі 102 миллион долларға жетті. Kurs.kz дерегі бойынша, Астанада доллар 540 теңгеден сатып алынып, 547 теңгеден сатылып жатыр. Алматыдағы айырбастау орындарында сатып алу бағамы – 542-545, сату бағамы – 546-547 теңге аралығында.

Кеше, 24 шілдеде, биржада доллар бағасы 3,29 теңгеге өсіп, 541,93 теңге болды.

Бағам қайда барады?

Әлемдік нарықтағы белгісіздік, АҚШ Федералдық резервінің биылғы пайыздық мөлшерлемені жоғары деңгейде сақтауы, дамушы елдер валюталарына қысым түсіріп отыр. Brent маркалы мұнай бағасының соңғы апталарда 80 доллардан төмендеуі де теңге үшін қосымша тәуекел саналады.

Freedom Finance Global сарапшыларының пікірінше, шілде-тамыз айларында доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 550-555 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Егер сыртқы нарықта шикізат бағасы одан әрі құлдырай берсе немесе геосаяси жағдай ушықса, ұлттық валютаға қысым күшейеді.

Halyk Finance пен Centras Securities сарапшылары да жыл соңына дейін доллар бағамы 555-560 теңгеге жақындауы мүмкін деп болжап отыр.

«Ұлттық валютаның қазіргі жағдайында негізгі тәуекелдер – сыртқы нарықтағы тұрақсыздық пен шикізат бағасының өзгерісі. Егер геосаяси ахуал ушықпаса және мұнай бағасы қалпына келсе, теңге біраз уақыт осы дәлізде сақталуы мүмкін. Алайда шілде-тамыз айларында доллар 550-560 теңгеге дейін жетіп қалуы ғажап емес», — дейді сарапшылар.

Қаржыгерлер тұрғындарға жоспарлы шығындарды алдын ала ойластырып, қаржылық қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударуға кеңес береді.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  BMW өзінің электрлі көліктерін Бенсон Бунның әнімен жарнамалай бастады

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *