Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1949–2010 жылдары туған азаматтарға 70 000 теңге көлемінде төлем қарастырылғаны жөнінде хабарламалар тарап жатыр. Алайда, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
«Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде тарап жатқан бұл ақпарат жалған. Белгісіз адамдар ақша алу үшін арнайы сілтеме арқылы өтуге шақырады. Бірақ мұндай әлеуметтік көмек түрі мемлекет тарапынан қарастырылмаған», – делінген министрліктің ресми мәлімдемесінде.
Министрлік азаматтарды алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырып, бейтаныс сілтемелерге өтпеуді ескертті. Себебі бұл арқылы алаяқтар жеке деректерді ұрлауы мүмкін.
«Мемлекеттік қолдау шаралары жайлы ресми ақпараттар тек 1414 қысқа нөмірінен SMS арқылы жіберіледі. Азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз. Жалған ақпарат таратқан тұлғалар заң бойынша жауапкершілікке тартылады», – деп ескертті министрлік.