Ақтөбедегі жеке меншік «Посейдон» бассейнінде бір апта ішінде екі адам қайтыс болды. Қазір нысан уақытша жабылып, есігіне «Техникалық себептерге байланысты жабық» деген хабарлама ілінген. Полицейлер қылмыстық іс қозғап, тиісті сараптамалар тағайындады, деп хабарлайды «Диапазон».
Алдымен өткен аптада бассейнге келген 27 жастағы жігіт көз жұмды. Қайғылы оқиғаның нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.
– Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету, абайсызда адамның өліміне әкеп соққан» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.
Арада бірнеше күн өткен соң, 5 тамыз күні осы бассейнде тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. Бұл жолы 38 жастағы ер адам шомылып жүріп, жүрек жеткіліксіздігінен көз жұмғаны анықталды. Бұл жағдай бойынша да қылмыстық іс қозғалды, полиция қызметкерлері бассейн әкімшілігінің әрекетіне құқықтық баға беретін болады.
«Диапазон» тілшілері бассейннің басшылығымен байланысқа шықты. Мекеме жетекшісі Гүлжанат Молдашованың айтуынша, ұжым болған оқиғаға қатты күйзелген.
– Қайтыс болған азаматтар жас еді, бәріміз есеңгіреп қалдық. Тергеу ісі бойынша ештеңе айта алмаймын, өйткені құпиялылық туралы қолхат жазып бердім. Бірақ өз ойымша, мүмкін денсаулықтарында, атап айтқанда жүректерінде ақау болған шығар. 27 жастағы азамат бізге жетінші немесе сегізінші рет келген болуы керек, жеке жаттықтырушысы болмаған. Ал 38 жастағы азамат жалғыз болмаған, қасында адамдар болған, бәрі көрді. Бізде бейнебақылау барлық жерде орнатылған, судың үстінде де, кіреберісте де, сыртта да. Барлық жазбаларды полицияға тапсырдық. Біз де шындықтың анықталғанын қалаймыз, – дейді мекеме басшысы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, мекеме 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді, судың сапасы күн сайын тексеріледі, ал балалар тек жаттықтырушының немесе ата-анасының бақылауымен шомылады.
– Біз келген адамның денсаулығын көзбен қарап анықтай алмаймыз. Медициналық анықтамасы болса да, оның шын алынғанын тексеру бізге қиын. Қашан қайта ашылатынымыз белгісіз, әзірге үзіліс жасаймыз, – деді ол.
Редакция марқұмдардың жақындарына қайғыра көңіл айтады.