Ақтөбеде «Сафин» атты құрылыс компаниясына қаржы құйған 50-ге жуық үлескер бес жылдан бері баспана күтіп, әуре-сарсаңға түскен. Құрылыс тоқтап қалған, ал компания басшылары алаяқтық бабы бойынша сотталып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Үйін күткен тұрғындар облыс әкімдігі алдына жиналып, әділдік сұрады. Айтуларынша, үйдің тек төрт қабырғасы ғана қаланып, содан бері құрылыс мүлде жүрмей қалған.
«25 миллион теңге салдым. Бесінші жыл болды – әлі үй жоқ. Біз не істеуіміз керек? Сондықтан әкімдік алдына келіп отырмыз. Жерімізді, үйімізді заңдастырып берсін!», – дейді үлескерлердің бірі Мәрзия Жкесенғалиева.
Алаяқтық әрекеттері үшін «Сафин» компаниясының жетекшілері мен бір инвестор сотталып кеткен. Енді әкімдік бұл үйді аяқтауды қолға алмақ болғанда, жер телімінің басқа иесі табылып, мәселе күрделене түскен.
Тұрғындар бұл жер дауына да наразы – өйткені жер иесі де жылдар бойы құрылысқа кедергі келтіріп келген деп санайды.
Шенеуніктердің айтуынша, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл іс аяқталмайынша, құрылыс жалғаспайды.
«Қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сол себепті жер мәселесі шешілмей тұр. Іс аяқталған соң ғана жер Ақтөбе құрылыс компаниясына беріледі. Содан кейін ғана құрылыс жалғасады», – дейді Ақтөбе облысы құрылыс басқармасының бас маманы Айдос Жоламанов.