Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері халықаралық террористік ұйымға қатысы бар қазақстандықты елге қайтарды, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
Ол Таяу Шығыс елдерінің бірінде ұсталған. Қазір күдіктіге Қылмыстық кодекстің 257-бабы («Террористік топ құру, оны басқару және оның қызметіне қатысу») бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Соттың шешімімен ол қамауға алынды.
Тергеу аясында қажетті процессуалдық шаралар атқарылып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге деректер жария етілмейді.