Ақтөбеде 7 тамыз күні болған 47 жастағы пойыз бастығын өлтіру оқиғасы қала тұрғындарын дүр сілкіндірді. Полиция мәліметінше, күдікті – 28 жастағы қала тұрғыны, бұған дейін бірнеше рет сотталған Бауыржан Қабдулов. Ол оқиға болған түні жәбірленушімен жанжалдасып, бірнеше рет пышақтаған. Ер адам оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті сол сәтте ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
hronika.kz мәліметінше, биыл шілдеде облыстық сот Қабдуловқа 3 жылға қатаң режимдегі колонияға қамау жазасын кескен. Алайда сот үкімі дер кезінде орындалмай, ол бір ай бойы бостандықта жүрген. Осы уақыт ішінде күдікті кісі өлтіру қылмысын жасады деген болжам бар.
Прокуратура полицияның әрекетіне қатысты «қызметтік немқұрайлылық» бабымен қылмыстық іс қозғады. Тексеру барысында сот үкімін орындау неге кешіктірілгені анықталады.
Полиция таратқан ресми мәліметке сәйкес, қылмыс вокзал маңында тіркелгенімен, оның қылмыстық әлемдегі «беделді көтеруге» еш қатысы жоқ. Алдын ала дерек бойынша, жәбірленуші мен күдікті екеуі де мас күйінде болып, арасында сөз таласы шыққан.
Құзырлы органдар тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырып, жалған ақпарат таратпау қажеттігін ескертті.