Isker Tilshi

KKR Nissan-ның штаб-пәтерін 610 млн долларға сатып алуы мүмкін

Фото: kapital.kz

Инвестициялық компания KKR & Co. жапондық автоөндіруші Nissan Motor Co.-ның штаб-пәтерін сатып алуға негізгі үміткер атанды. Bloomberg-тің дерегінше, KKR Йокогаманың орталығында орналасқан 22 қабатты ғимаратқа шамамен 90 млрд иен (610 млн доллар) ұсынып отыр, деп хабарлайды «Іскер Тілші».

Бұл — Nissan қабылдаған бірнеше ұсыныстың ішіндегі ең жоғарғысы. Мәлімет бойынша, ғимаратты сатып алғаннан кейін KKR оны қайтадан 10 жылға Nissan-ға жалға беруді жоспарлап отыр.

Nissan кеңсесін қаржылық қиындықтарға байланысты сатуға шешім қабылдады. Компания ескі модельдер қатарынан және Қытай электромобильдері тарапынан күшейген бәсекеден зардап шегіп отыр. 2025 жылдың сәуір-қыркүйек айларында Nissan-ның операциялық шығыны 180 млрд иенге жетуі мүмкін.

Қазір компания ірі қайта құру кезеңін бастады: 20 мың жұмыс орнын қысқарту және 17 зауыттың жетеуін жабу жоспарланған.

Жыл басынан бері Nissan акцияларының құны 26%-ға төмендеп, капитализациясы 1,21 трлн иенге дейін құлады.

Бұған дейін Nissan Re:Nissan атты дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеген. 2024 қаржы жылының қорытындысы бойынша (Жапонияда ол 2025 жылдың наурызында аяқталды) компанияның таза шығыны 700–750 млрд иенге (5,0–5,3 млрд доллар) жетеді деп болжануда. Ал бастапқыда шығын бар болғаны 80 млрд иен (560 млн доллар) шамасында болады деп күтілген еді.

Осы жағдайдан кейін Honda-ның Nissan-мен бірігуден бас тартқаны да түсінікті болды.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Мамырбек Мұқанбетқазин, кәсіпкер: «Қазақстанда инвестиция тарту мәдениеті қалыптаспаған»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *