Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Жарма ауылында ауыз суға бөлінген қомақты қаржы зая кетті. Су құбырына жобалық-сметалық құжат жасауға – 213 млн теңге, құрылыс-монтаж жұмыстарына – 188 млн теңге жұмсалған. Алайда екі жыл өтпей-ақ ұңғыма суы ішуге жарамсыз болып, қазір тек мал суаруға ғана қолданылады, деп хабарлайды «Тілші».
ҚазАқпарат мәліметінше, 2020 жылы сол кездегі облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауылға арнайы барып, тұрғындармен бірге жаңа су жүйесін іске қосқан еді. Бірақ көп ұзамай судың дәмі өзгеріп, ішуге жарамай қалды.
– Ұңғыманы терең қазып, тұзды қабатқа түсіп кеткен болуы мүмкін. Қазір зерттеу жүргізіліп жатыр. Жобалық жұмыстарға 213 млн, құрылысқа 188 млн теңге жұмсалған. Енді жаңа көздерді іздеу үшін Әйім құмы аумағында барлау басталды, – дейді Ырғыз аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрберген Бекеев.
Ауыл әкімі Абылай Спановтың сөзінше, қазір Жарма халқы екі ескі құдықтан су ішіп отыр. Ал орталықтандырылған су құбырының суы зертханалық қорытынды бойынша ішуге жарамсыз деп танылған. Көлігі бар тұрғындар 15 шақырым жердегі Құтикөл ауылынан су тасып әкеледі.
Жоба 2023 жылы қайта қолға алынып, Жарма мен Құтикөл ауылдарын таза сумен қамтуға бағытталды. Ұңғымалар қазылып, алғашқы қорытындылар шыға бастады. Нәтиже биыл белгілі болуы мүмкін.
Айта кетейік, ресми дерек бойынша, 2024 жылдың соңында Ақтөбе облысындағы 319 елдімекеннің 91,2%-ы таза ауыз сумен қамтылған. Дегенмен 28 ауыл әлі күнге дейін ұңғыма суын тұтынып отыр.