Ақтөбе қаласына қарасты Бауырластар елді мекенінде жол салу жұмыстары жоспардан кешігіп жатыр. Жыл соңына дейін мердігер компания 41 көшеге асфальт төсеуі тиіс еді. Алайда қазір тек екінші көшенің ғана жолы жөнделіп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan TV.
Тұрғындардың айтуынша, техниканың істегенінен тұрғаны көп. Қоғамдық көлікке жету үшін ауыл адамдарына 2-3 шақырым жаяу жүруге тура келеді. Жауынды күндері жағдай тіпті қиындайды. Әсіресе оқу жылы басталғалы балалардың қатынауы күрделене түскен.
– Бұл жолды мердігер үш жылдан бері салып бітіре алмай келеді. Бір жерден бастайды да, тоқтап қалады. Міне, он күн болды жұмыс жүрмей тұр. Балалар сабаққа бару үшін үш шақырым жаяу жүреді, — дейді ауыл тұрғыны Гауһар Байғабылова.
Жобаның жалпы құны – 6 млрд 400 млн теңге. Бірақ биыл тек 291 млн теңге ғана бөлінген.
Мердігер компания өкілдері жұмыстың жиі тоқтап қалуын битум тапшылығымен түсіндіреді. Айтуларынша, бұл материал негізінен Ресейден келеді, алдымен республикалық және халықаралық жолдарға жұмсалады. Қалғанына кезек күтуге тура келеді.
– Біздің елде де битум шығарады, бірақ сапасы талапқа сай емес. Жолға 7 жыл кепіл берілген, ал ол бір жылдан кейін қопарылып қалса, еңбектің бәрі босқа кетпей ме? Тамыздың ортасында ғана қаржыландыру ашылды. Қазір асфальттау жұмыстарын бастадық, – деді компания өкілі Ералхан Дияров.