Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы Қарғалы қалалық ауруханасындағы жағдайға қатысты ресми пікір білдірді. Ведомство әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты назарға алғанын айтып, бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады, деп жазады «Тілші».
Басқарманың айтуынша, жағдайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылып, кешенді тексеру жүргізіледі. Тексеру қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданбақ.
Tilshinews.kz редакциясы Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасына ресми ақпараттық сұрау жолдап, аталған оқиғаға байланысты ресми жауап күтеді.
Еске сала кетейік, Қарғалы қалалық ауруханасының қызметкерлері кадрлық өзгерістер мен емдеу орнындағы қысымды айтып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне арыз түсірген болатын. Олардың сөзінше, жаңа бас дәрігер өзіне жақын адамдардан «команда» жасақтау мақсатында білікті, тәжірибелі мамандарға түрлі қысым көрсетіп, оларды орнын босатуға мәжбүрлеп отыр. Олардың орнына өзінің туыстары мен жақындарын тағайындап жатыр.