Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет «ақорданы белгілеу» туралы пікірде қателескенін айтып ақталды, деп хабарлайды Orda.kz.
Шенеунік желіде тарап кеткен қоғам белсендісімен болған әңгімені растайды.
«Мемлекеттік қызметші болғандықтан этика жағынан менен қателік кетті. Біз Ерәділ Үббіниязов екеуміз бір бірімізді бұрыннан танимыз. Тек жұмыс бабында емес, өмірде де бір бірімізді танимыз. Жас кезімізде бокспен айналыстық. Сол кезден танимын», — деді Азамат Бекет.
Ақтөбе әкімі партия төрағасын қорқытпағанын айтты. Онымен бұрыннан хабарласып тұратынын да алға тартты. Айтуынша, желіде толық емес, қиылған контекст тараған. Ол «тікелей Тоқаевпен істесеңші» деген сөзі ашық желіде тарап кеткеннен кейін түсініктеме жазғанын мойындады.
«Әрине, мен түсініктеме бердім. Мен мемлекеттік қызметшімін, саяси қызметшімін. Жұмыс болған соң, әкім қызметін атқарғаннан кейін әртүрлі сын болып жатады. Барлық айтылған сөзді сотқа беретін болсам, жұмыс істеуге де уақыт болмайды», — деді қала әкімі.
Естеріңізге салсақ, осыған дейін сапасыз жұмысты желіде көрсетемін деп әкімнен сөз естіген белсенді туралы жазған едік.