Шоу-бизнес

Димаш Қытай телеарнасымен бірлескен музыкалық жобасын Қазақстанда түсіреді

Фото: t.me/qaztourism

Қазақстанда «Voice Beyond Horizon» деп аталатын үлкен музыкалық тележобаның түсірілімі басталды. Шоуды Димаш Құдайберген Қытайдың жетекші арналардың бірі – Hunan TV телеарнасымен бірге жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды «Тілші» ҚазАқпаратқа сілтеп.

Жобаға Қытай, Қырғызстан, Италия, Түркия және Сербиядан келген өнерпаздар қатысуда. Олар Димашпен бірге Қазақстанның әсем өңірлерін аралап, шығармашылық сапарға шығады.

Түсірілім Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өтпек. Шоудың финалы елордада ұйымдастырылады.

Қатысушылар пойызбен сапар шегіп, елдің табиғи және тарихи орындарына аялдайды. Басты аялдамалар қатарында Көбейтұз көлі, Шарын және Бозжыра шатқалдары, Сайрам-Өгем ұлттық паркі бар.

Жоба барысында музыканттар шығармашылық кездесулер өткізіп, жеке де, дуэт болып та өнер көрсетеді. Сонымен қатар шеберлік сабақтары мен бірлескен қойылымдар ұйымдастырылады. Қатысушылардың өнерін халықаралық деңгейдегі кәсіби қазылар алқасы бағалайды.

Бағдарлама Hunan TV телеарнасында және Mango TV платформасында көрсетіледі. Бұл медиаресурстардың аудиториясы Қытай мен басқа елдерде 1 миллиардтан астам көрерменді қамтиды.

«Voice Beyond Horizon» жобасы Қазақстанның мәдени байлығын және туристік әлеуетін әлемге танытатын маңызды бастама болмақ.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Тойда хит болған "Көзмоншағым" әнінің орындаушысы 8 айдың ішінде Алматыдан үй алып, су жаңа көлік мінген

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *