Бұған дейінгі төрт маусымның нәтижесінде қалада 42 жоба жүзеге асты. Атап айтқанда, балалар алаңдары, муралдар, саябақтар мен аллеяларға орнатылған шағын сәулет нысандары қаланың ажарын ашқан. «Tugan Qala» – ERG-дің әлеуметтік инвестициялар мен орнықты даму бағытындағы маңызды жобаларының бірі. Оның басты мақсаты – кәсіпорындары жұмыс істейтін өңірлердегі қалалардың көркін жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру.
Бұл жобаның ерекшелігі – кез келген қала тұрғыны идея ұсынып, дауыс беру арқылы оның жүзеге асуына ықпал ете алады. Яғни, қалаға не қажет екенін тұрғындардың өздері айқындайды. Мәселен, 2024 жылы Хромтауда өткен төртінші маусымда 3 854 адам – қала халқының 14,2%-ы дауыс берді. Нәтижесінде 17 жоба жеңімпаз болып танылған. Оның 14-ін ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ қаржыландырса, тағы үшеуін қала әкімдігі қолдады. Барлық жобаларға 120 млн теңге бөлінді. Биыл олардың бәрі жүзеге асады: екеуі орындалып үлгерді, төртеуі дайындық кезеңінде.
– Қалаларымыздың қалай өзгеріп жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Ең қуаныштысы – жобаға тұрғындар белсенді араласып, жергілікті бастамаларды қолдап келеді, – дейді Қазхромның бас директоры Сергей Прокопьев. – Хромтауда балалар мен спорт алаңдары көбейді. Саябаққа орнатылған шахтер каскасы мен вагонетка – біздің жұмысшылардың идеясы. Бастысы – таңдау тұрғындардың қолында. Ал нәтиже – істің сапалы орындалғанына байланысты.
Қазір мердігер ұйымдарды таңдау аяқталды, ал тұрғындардан жаңа ұсыныстар қабылданып жатыр. Жеңімпаз бастамалар қаржыландырылып, 2026 жылы жүзеге асырылады. Биыл жобаларға бөлінген қаржы көлемі артты.
Хромтаулықтар қандай ұсыныс бере алады? Аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық нысандар орнату, көгалдандыру сияқты жұмыстарға – әр жобаның ең шекті бюджеті 15 млн теңге. Ал мәдениет, спорт, білім беру және шығармашылық бағыттағы шараларға 5 млн теңгеге дейін қаржы қарастырылады. Маңыздысы – ұсынысты тек қала тұрғындары бере алады.
Өтінім беру және толық ақпаратпен танысу үшін tugan-qala.kz сайтында тіркелуге болады. Жоба Хромтау қаласы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асады.