Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде сотталушы шенеунік әкімге пара бергенін айтты

Фото: tengrinews.kz

Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сотта күтпеген мәлімдеме жасалды. Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасова аудан әкімі Жанболат Жидехановқа ақша бергенін сот отырысында мойындады, деп хабарлайды «Тілші».

«Әкім тікелей ақша әкелуді тапсырды»

Сәдуақасованың айтуынша, дау «Дәнекер» ЖШС-нің Көпмола, Жылан, Кеңдала ауылдарындағы су желілерін қайта жаңғырту жобасына бөлінген қаржыдан басталған.

«Мектеп құрылысына 25 миллион теңге сұралды. Кейін 15 миллион теңгеге келісім жасалғаны айтылды. 2024 жылдың қазан айында әкім мені кабинетіне шақырып алып, ақша әкелуді талап етті. Бірақ ақша бірден түспеді. Соның арасында Жидеханов маған қайта-қайта хабарласты. Өзімнің қаржымнан 700 мың теңгеге жуық соманы бердім. Кейін сенімді адам керек деп, Ақтөбеде тұратын құрбымның есепшотын пайдалануды ұсынды», – деді сотталушы.

Осылайша құрбысының шотына әртүрлі адамдардан 5 миллион теңге түскен, бірақ бұл қаржы ұзақ уақыт алынбай сақталып қалған.

Екінші эпизод – инженерлік желілер құрылысы

Айыпталушы тағы бір эпизодты ашып берді. Бұл жолы сөз «АзияСтройПроект777» ЖШС жайлы болды. Компания екі қабатты тұрғын үйге инженерлік желілер тартумен айналысқан. Сәдуақасова мердігермен келіссөзді де тікелей аудан әкімі жүргізгенін мәлімдеді.

Көп ұзамай оның құрбысының шотына әртүрлі нөмірлерден 2 350 000 теңге түскен. Қолма-қол алу қиын болғандықтан, Сәдуақасова тағы да өз ақшасынан алып, көлігімен келген әкімге жеткізгенін айтты. Кейін тағы 5 700 000 теңге түскен. Жалпы сомасы 12,5 миллион теңгеге жеткен.

«Ақтөбеге барғанымда құрбымнан 7,5 миллион теңгені қолма-қол алдым. Сол күні Антикор қызметкерлеріне ұсталдым», – деді ол.

Антикор операциясы

Сотталушының айтуынша, ұсталған кезде ол 6,5 миллион теңгені Антикорға тапсырған. Ал сөмкесінде қалған 1 миллион теңгені көрсетпеген.

«Ақша түскенін мойындаймын. Бірақ асыра пайдаланған жоқпын. Қорқытып, үркіткен жоқ. Әкім өзі хабарласып, «қорықпа, ештеңе айтпа» деп тапсырма берді. Антикорға арыз жазып, осы істің әкімнің тапсырмасымен болғанын көрсеттім», – деді Сәдуақасова сот залында.

Қорғаушы тарап сотта әкім Жанболат Жидехановтан жауап алу туралы өтініш түсірді. Бірақ сот өтінішті қанағаттандырмады.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  "Бағанашыл" дауы: Тоқаев араласқаннан кейін балалар үйінің тәрбиеленушілерін күштеп көшірмейтін болды

Қандай жаза күтіп тұр?

Шұға Сәдуақасоваға Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтарымен айып тағылып жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылуы мүмкін. Сондай-ақ оған пара сомасының 60–70 еселенген мөлшерінде айыппұл немесе 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *