Алматыда мемлекеттік органдарды бейнебақылау қызметімен қамтамасыз етуге жоспарланған 2 миллиард теңгеден астам қаржының тендері талапқа сай емес деп танылды, деп хабарлайды «Тілші».
Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сәйкес, тапсырыс беруші – Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы. Жоспарланған лоттың сомасы – 2 072 618 444 теңге. Жоба қаланың саябақтарына, қиылыстарына, тұрғын үй аулаларына, сауда орталықтарына, діни нысандарға, білім және денсаулық сақтау мекемелеріне жаңа бейнекамералар орнатуды көздеген.
Алайда 26 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында қабылданған өтінімдер жарамсыз деп танылып, конкурс өтпей қалды.
Қай компаниялар қатысты?
Тендерге екі ірі компания – «Көркем Телеком» ЖШС және «Транстелеком» АҚ қатысқан. Бірақ екеуінің де өтінімдері «біліктілік талаптарына сәйкес келмейді» деген ресми себеппен қабылданбады.
Айта кетейік, биылғы қаржы жылы ішінде «Көркем Телеком» мемлекеттік сатып алуларда 8,5 млрд теңгеден астам, ал «Транстелеком» шамамен 1,9 млрд теңгеге келісімшарттар жасасқан.
Қайда апарады жіптің ұшы?
ҚазТАГ бұған дейін жариялаған материалда «Көркем Телекомды» ресейлік миллиардер Тимур Турловқа тиесілі Freedom Telecom компаниясымен байланыстырып, мемлекеттік сатып алудағы ықтимал «шеңберлі жалға алу» схемасы туралы жазған еді.
Ал «Транстелекомды» көп жылдан бері саясаткер Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрали Әлиевпен байланыстырады. Бұл екі компания да 2024 жылы деректерді өңдеу орталықтарын сату-сатып алу бойынша ірі мәміле жасаған.
Құқық қорғаушылардың назарында
2 қыркүйекте ҚазТАГ Алматыдағы бейнебақылау саласындағы ықтимал сыбайлас жемқорлық схемасы туралы мәліметті eOtinish жүйесі арқылы құқық қорғау органдарына жолдағанын хабарлаған.
Ал 5 қыркүйекте агенттік соттың «Сергек» жабдығы қойылған талаптарға сәйкес келмейді деген шешім шығарғанын жазды.