Жыл сайын қалада түрлі тамақтану орындары көбейіп келеді. Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, қалада шамамен 45 мейрамхана, 50 шақты кафе және 47 асхана бар. Ал ақтөбеліктердің таңдауы қандай? Қалаға келген қонақты қайда апаруға болады? Бұл туралы ақтөбеліктердің пікірін сұрап білдік.
Дана Ниязова (театр және кино актрисасы): Маған «Afsona family» ұнайды. Бұл жаққа жиі барамын. Қонақтарымды да, таныстарымды да сол жерге апарар едім. Себебі бұл мейрамхана Алматының ерекше атмосферасын еске салады, адамға жайлылық сыйлайды. Алматыда Нават мейрамханасын қатты ұнататынмын. «Afsona family» Нават мейрамханасына қатты ұқсайды. Ішкі интерьері, стилі және арнайы бір уақытта даяршы қыздардың билейтіні — осы екі мейрамхананың ортақ тұсы. Осылайша қонаққа шығыс елінің атмосферасын сезіндіреді. Нағыз шығыс дастарқанының дәмі мен иісі сезіледі. Ас мәзірі өте дәмді, тағамдары керемет ұсынылған. Қызметкерлері өте сыпайы, қонақжай болғасын өзіңді қонақ емес, үй иесіндей сезінесің. Тұрақты түрде барып жүргесін үнемі түрік шайына тапсырыс беретінімді даяршылары да жаттап алған. Сондықтан менің бағам — 10/10.
Нарқозы Қартжан (Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, қалалық мәслихат депутаты): Жаздыгүні қонақтарымды Әбілқайыр даңғылындағы жазғы кафе алаңы жұмыс істейтін тамақтану орындарына апарар едім. Ал суық мезгілде қонақтарымды ішкі интерьері әдемі, бағасы сапасына сай, ұлттық стильдегі «Сарқыт» мейрамханасында қарсы аламын. Қазіргі таңда кофе ішу мәдениеті қалыптасып келе жатыр. Қалада кофеханалар көп. Соның ішінде «Bodrum coffee» кофеханалары ұнайды.
Дария Абдуллина (мұғалім): Мен осы уақытқа дейін қаншама қонақ қарсы алдым. Қонақтарымды үнемі «Сарқыт» мейрамханасына апарамын. Тамақтары, сервисі, ұлттық нақыштағы интерьері ұнайды. Жақында Астанадан қонақтарым келеді. Оларды да «Сарқыт» мейрамханасына апарып, қонақ қыламын.
Нұрбек Жалғасбаев (Облыстық волонтерлар кеңесінің төрағасы): Өзіме Bodrum coffee» кофеханасы ұнайды. Әдетте латте, Ташкент шайын ішемін. Арасында таңғы асымды кофеханадан аламын. Ал қонақтарды «Afsona family» мейрамханасында қарсы алар едім. Тамақтары тойымды, әрі дәмді.
Анар Тұрғанбаева (Ақтөбе қаласы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы): Маған «Grand Izum» кафесі ұнайды. Бірақ адам көп болса, тапсырысыңызды ұзақ күтіп қалуыңыз мүмкін. Анамның туған күнінде, басқа қаладан келген достарымды қонақ қылғанда сол кафеде болдық. Бағалары қолжетімді, тамақтары дәмді. Ал құрбыларыммен бас қосқанда мейрамхананың ас мәзіріне мән береміз. Одан кейін бағасына көңіл бөлеміз.
Марат Төлепберген,
арнайы TilshiNews үшін