Мәжіліс 24 қыркүйекте «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат алғаш рет «жасанды интеллект», «модель», «жүйе», «деректер кітапханасы», «синтетикалық нәтиже» сияқты жаңа құқықтық ұғымдарды енгізіп отыр, деп хабарлайды «Тілші».
Заңда жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы құқықтық және ұйымдастырушылық реттеу, ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардағы қолдану ерекшеліктері және Үкіметтің құзыреттерін кеңейту тетіктері қарастырылған.
«Бұл – Қазақстанда қауіпсіз әрі тұрақты жасанды интеллект экожүйесін құру жолындағы алғашқы әрі маңызды қадам», – делінген Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қауіпсіздікке басымдық
Заңда ЖИ жүйелері қауіп деңгейіне қарай бөлінеді: кішкентайдан бастап жоғары деңгейге дейін. Жоғары тәуекелді жүйелер (мысалы, стратегиялық инфрақұрылымға әсер ететіндері) сыни ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандары қатарына енгізілуі мүмкін.
Сондай-ақ жүйелер автономдылық деңгейіне қарай да реттеледі. Жүргізушісіз көлік сияқты жоғары автономды жүйелер тек заңнамалық деңгейде қатаң бақыланады.
ЖИ қолдануда бірқатар тыйымдар енгізілді:
- адамның келісімінсіз мінез-құлқына әсер ету;
- әлеуметтік жағдайы, жасы немесе мүмкіндігі шектеулілігі арқылы әлсіз тұстарын пайдаланатын технологиялар;
- азаматтарды әлеуметтік мінез-құлқына қарай бағалау (әлеуметтік скоринг);
- эмоцияны келісімсіз талдау;
- қоғамдық орындарда бет-әлпетті нақты уақытта тану (заңмен рұқсат етілген жағдайлардан басқа);
- заңмен тыйым салынған ЖИ-нәтижелерін тарату.
Міндетті таңбалау және авторлық құқық
Жаңа заңға сәйкес, Қазақстанда синтетикалық контент (ЖИ көмегімен жасалған материалдар) міндетті түрде машина оқи алатын үлгіде және визуалды белгімен таңбаланады. Бұл – қоғамның сенімін арттыру және технологияны теріс пайдалану қаупін азайтуға бағытталған қадам.
Авторлық құқық саласында да нақты нормалар бар:
- тек ЖИ-дің көмегімен, адамның шығармашылық үлесінсіз жасалған туындылар қорғалмайды;
- бірақ пайдаланушылардың шығармашылық тапсырмалары (промпттар) авторлық құқық нысаны ретінде мойындалуы мүмкін;
- ЖИ-ді оқыту үшін ғылыми еңбектер мен шығармаларды қолдану тек автор тарапынан тыйым болмаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Жауапкершілік және өтемақы
ЖИ жүйелері зиян келтірген жағдайда оның иелері мен операторлары жауапкершілікке тартылады. Қазіргі кезде сақтандыру шаралары ерікті сипатта, бірақ ол азаматтардың құқығын қорғаудың қосымша құралы ретінде ұсынылуда.
Заң жобасы енді Сенаттың қарауына жіберілді. Жоғарғы палата құжатты мақұлдаған жағдайда, заң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жолданады.