Aqtobe Day Әлеумет

Ырғыз ауданындағы жұмыссыздық: ресми дерек пен ауыл тұрмысы

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында жұмыссыздық мәселесі өзекті болып отыр. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұсынған ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 630 адамды құрады. Оның ішінде белсенді шараларға тартылғаны – 542 адам.

2024 жылы қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына 50 адам бекітіліп толығымен орындалды. 2025 жылы 25 адамға жылдық жоспар берілсе, қазіргі таңда жоспар толығымен орындалды делінген Аудандық жұмыспен қамту орталығының хабарламасында.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, негізгі мәселе – жаңа жұмыс орындарының аздығы.

«Ырғызда ешқандай өндіріс жоқ, ауылда жұмысқа орналасу қиын. Себебі қазіргі таңда жұмысқа орналасу тек қана мансап орталығы арқылы жүзеге асырылады. Ал аталған мекемеде жұмыс іздеушілер саны өте көп. Ауылда жұмыс орындарының басым бөлігі мемлекеттік мекемелерде», – дейді ауыл тұрғыны Азамат Сарманов.

Сонымен қатар ауыл тұрғыны мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың оң әсерін атап өтті.

Көптеген іскер жандар осы қолдау арқылы сүйікті кәсібін дөңгелетіп жатыр. Бірі құс шаруашылығын қолға алса, енді бірі нан өнімдері мен тәтті тағамдар пісіруде. Тігін ісімен айналысатындар да бар. Жақында ұлттық үлгідегі заманауи шапан тіккен бір ауыл тұрғынын көрдім. Өнімі әлеуметтік желідегі брендтік тауарлардан кем түспейді. Енді осы іске толық кіріссе деймін, – дейді Азамат Сарманов.

Ауылдағы негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы.

«Мал бордақылау орны ашылса, ет сою цехтары жанданса деймін. Қазіргі кезеңде етке сұраныс өте жоғары. Сондай-ақ сүт өнімдерін – май, құрт, айранды бренд қылып шығаруға болады. Ырғыздың өз атауымен балық шаруашылығын дамытуға да мүмкіндік бар», – дейді ауыл тұрғыны.

Ырғыз ауданындағы жұмыссыздық мәселесі ресми деңгейде шешу жолдарын тапқанымен, ауыл тұрмысы әлі де күрделі болып отыр. Бір жағынан мемлекет тарапынан қысқа мерзімді курстар мен кәсіпкерлікті қолдау шаралары тұрғындарға өз ісін бастауға мүмкіндік беріп жатыр. Екінші жағынан, жаңа өндіріс орындарының жоқтығы мен жұмыс орындарының шектеулігі негізгі түйткіл болып қала беруде.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Қазақстанда ірі несие енді бірден берілмейді

Ауыл халқының пікірінше, жергілікті ерекшеліктерге сай мал, сүт және балық шаруашылығын дамыту – тұрақты жұмыспен қамтудың басты жолы. Бұл бағыттар іске асса, Ырғыздың экономикалық әлеуеті артып, жұмыссыздық мәселесі де біртіндеп шешілер еді.

Мөлдір Ғапиз,
азаматтық тілші

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *