Сауда және интеграция министрлігі тауарлар мен қызметтердің бағасын көрсету тәртібін жаңартты: енді сатушылар баға жапсырмасында да, сайттарында да екі түрлі соманы бірдей көрсетуге міндетті — қолма-қол/бірден төлеу бағасы және бөліп төлеу (рассрочка) бағасы. Бұйрыққа министр Арман Шаққалиев қол қойды; құжат ресми жарияланған соң 10 күннен кейін күшіне енеді, ал кейбір тармақтары 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап іске асады, деп хабарлайды «Тілші».
Жаңалық барлық сауда нысандарына қатысты: дүкендер, базарлар және интернет-дүкендер. Бағалар көрнекі жерде және онлайн-ресурстарда айқын жазылуы тиіс. Министрлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік саудасындағы ашықтық талаптары сақталатынын, жасырын комиссияларға тыйым салынатынын және міндетті сүйемелдеу құжаттары берілетінін ескертті.
Ведомство бұл өзгеріс бөліп төлеу кезінде артық төлем тәуекелін азайтады, ал сатып алушыға төлем тәсілдері бойынша шынайы салыстыру жасауға мүмкіндік береді деп отыр. Бұған дейін «қазір ал, кейін төле» (BNPL) үлгісінің кеңеюі инфляциялық қысымды күшейтетін факторлардың бірі ретінде талқыланған, сондықтан банктер мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қос баға жапсырмаларын қолдаған.
Бұйрық сонымен бірге:
- отандық тауарларды орналастыру талаптарын;
- сауда залдарын рәсімдеу қағидаларын;
- қосымша қызметтер туралы ақпараттандыру тәртібін бекітеді.
Сауда нысандарының әкімшілігі жаңа нормалардың орындалуын бақылауға міндетті. Ал тұтынушылар үшін басты өзгеріс — бағаның «шынайы құны» бірден көрінеді: бірден төлесеңіз қанша, бөліп төлемек болсаңыз — жалпы сома қанша болатыны ашық жазылады.