Адвокат Айнара Айдарханова қамаудағы журналист Әйгерім Тілеужанның хәлі нашарлағанын, құзырлы мекемелер оны ауруханаға жатқызбай отырғанын мәлімдеді. Қорғаушының сөзінше, мұның бәрін журналистің өзі телефонмен хабарлаған, деп жазады Азаттық.
Айдарханованың айтуынша, бір ай бұрын Әйгерім Тілеужанға ота жасап, сыздауықты алып тастаған. Бірақ толық алынбағаннан ба, басқа себептен бе, жара қайта шығып, жағдайы ушығып кеткен.
«Қажет медициналық көмек көрсетілмегендіктен, хәлі нашарлап, мазасы кетіп, әлсіздікке ұшыраған. 10 келідей салмақ жоғалтқан. Дұрысы – оны сыртқа шығарып, ауруханаға жатқызу. Ақылы болсын, басқалай болсын» дейді адвокат.
Қорғаушы журналистің осы жағдайын біле сала Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне, денсаулық сақтау министрлігіне, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Алматы облысы бойынша өкіліне және Әйгерім жатқан колония қарайтын ауруханаға арызданған. Әзірге тек аурухана дәрігері ғана жауап берген.
Қазір түзету мекемелеріндегі медициналық бөлімдер денсаулық сақтау министрлігіне қарайды, сотталушының ауруханаға жатқызу жөніндегі денсаулық сақтау саласы мамандарының қорытындысы керек.
Алматы облысы Іле ауданының орталық ауруханасында істейтін дәрігер адвокат Айнара Айдархановаға ем-дом шарасы туралы ақпарат беріп, Әйгерімнің диагнозы аурухана жатқызуға себеп болатын жағдай емес деген.
Әйгерім Тілеужан отырған түзеу колониясы Алматы облысы Жауғашты елдімекенінде орналасқан, бұл колония осы ауруханаға қарайды.
Азаттық денсаулық сақтау министрлігіне жүгініп, Әйгерім Тілеужанның адвокаты айтқан мәселе бойынша ақпарат сұраған, министрлік түске дейін анықтама ақпаратын береміз деді, бірақ Азаттықтың осы хабары шыққанша министрліктен жауап болған жоқ.
Журналист, белсенді Әйгерім Тілеужанды 2023 жылы шілдеде сот «Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деген айыппен 4 жылға түрмеге қамаған. Белсенді бұл айыпқа келіспейді.
2023 жылы қарашада апелляция алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырған. Ал 2024 жылы шілдеде Жоғарғы сот Алматы әуежайын «басып алу» ісін қайта қарауға «негіз жоқ» деп шешті. Журналист жазаны Алматы облысы Жауғашты елдімекеніндегі әйелдер колониясында өтеп жатыр.
Былтыр маусымда адвокат Айнара Айдарханова қамаудағы журналист микро-инсульт алғанын хабарлаған. Сол жылы қаңтарда адвокат Әйгерім Тілеужан абақтының суықтығынан сырқаттанып қалғанын айтқан.
Кәсіби аудармашы Әйгерім Тілеужан белсенді ретінде 2016 жылғы жер митингілерінен кейін таныла бастаған. Тіркелмеген «Демократиялық партияның» мүшесі болған. 2022 жылдың басынан El Media медиа-жобасында журналист болып жұмыс істеген.
Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстан билігі мәжіліс сайлауын тағайындап, партияға мүше емес адамдар жеке түсе алатынын мәлімдегенде, құжат тапсырған. Сайлау комиссиясы Тілеужанованы екі рет тіркеп, екеуінде де түрлі себеппен кандидат статусынан айырған. Сайлаудың алдында ол «Қаңтар құрбандарына арналған қаралы митинг ұйымдастырды» деген айыппен 20 тәулікке қамалған.