Ақтөбе қалалық соты кәсіптік ауруға шалдыққан бұрынғы жұмысшының сақтандыру төлемін қайта есептеу туралы өтінішін қарап, оның пайдасына шешім қабылдады.
Азамат 2022 жылға дейін компанияда жұмыс істеген. Кейін дәрігерлер оған жұмысына байланысты 2-топ мүгедектік берген. Арнайы тергеу актісі бойынша, оның сырқатына жұмыс берушінің кінәсі – 100%.
2022 жылдан бастап оған ай сайын аннуитеттік төлем төленіп келеді. Бұл төлем 2025 жылдың ақпанына дейін жалғасады.
2024 жылы оның жалақысы 2021 жылдан бастап көтерілгені туралы анықтама берілген. Бірақ бұл құжат сақтандыру компаниясына кеш берілген. Сол себепті азамат соттан төлем мөлшерін жаңа жалақы негізінде қайта есептеуді сұраған.
Соттың шешімімен:
• ай сайынғы төлемді есептеу үшін орташа жалақы 230 780 теңге болып бекітілді;
• 2022 жылдың тамызынан 2024 жылдың қаңтарына дейін оған төленбей қалған 4 154 040 теңге өндірілетін болды;
• сома заң бойынша ұсталатын төлемдер шегеріліп есептелді.
Бұл шешім заңды күшіне енді.