Aqtobe Day Әлеумет

Шайпұл беру – мәдениет пе, міндет пе?

Фото: freepik.com

Даяшылардың күнделікті еңбегін бағалаудың бір жолы – шайпұл қалдыру. Біреулер үшін бұл – әдептің белгісі, енді біреулер үшін артық шығын. Даяшылардың айтуынша, шайпұл кейде қонақтың ризашылығының көрінісі болса, кейде мүлде ұмыт қалып жатады. Шайпұл беру мәдениеті жайлы ақтөбеліктер мен ақтаулықтардың пікірін білдік.

Жасмин Саят (студент):

Мен Business Empire бизнес-орталығындағы №1 қалалық кофеханада жұмыс істедім. Кофехананың тұрақты клиенттері болатын. Орталықта жұмыс істейтін қалталы адамдар жиі келетін. Кейбірі күніне бірнеше рет келіп, 20–40 мың теңгеге дейін шот жабатын. Мен шайпұл алып көрмедім. Бірақ даяшыларға қызмет көрсеткені үшін 10% мөлшерінде төлем төленетін. Сол төлем шайпұлдың орнына жүретін.

Диана Урынбасар (11-сынып оқушысы):

Мен “Grand Hall” мейрамханасында екі жыл даяшы болып жұмыс істедім. Жаңа жыл мерекесіне орай жұмысқа кіргендіктен, шайпұл алуға да үлгердім. Алғашқы жұмыс күнімде-ақ 15 000 теңге шайпұл алдым. Кафеге келген ақтөбеліктер шайпұлды жақсы береді. Ал жаңа жылдық кештерде мейрамхана қонақтары жомарттық танытып, мол шайпұл қалдырады. Менің ең көп алған шайпұлым – 20 000 теңге. Оны екінші жылы өткен жаңа жылдық кеште алдым.

Бақытгүл Мусина (студент):

Ақтөбеліктер арасында шайпұл беру мәдениеті бар, бірақ әлі де толық қалыптаса қойған жоқ. Көбіне қонақтарға қызметіміз ұнаса немесе көңіл-күйі көтеріңкі болса, шайпұл қалдырып кетеді. Кейбір адамдар шайпұл беруді міндет деп санамайды, ал енді бірі, әсіресе жастар, міндетті түрде қалдырады. Орта есеппен бір ауысымда 1000–2000 теңге шамасында шайпұл алатынмын. Кейде 5000 теңгеге дейін алған күндер болды. Ал кейде мүлде ештеңе қалдырмай кететіндер де бар. Мен Ақтөбедегі отбасылық кафелердің бірінде жұмыс істедім. Жазғы алаңда жұмыс істеген кезде қонақтар көбірек шайпұл қалдыратын. Әсіресе туған күн, мерейтой сияқты отырыстарда келушілер жомарттық танытатын.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Жұбанов студенттерінің жобасын мұнай компаниясы өндірісте қолданбақ

Мөлдір Амангелді (Ақтау қаласының тұрғыны, қоғамдық ұйым басшысы):

Меніңше, шайпұл беруге қатысты көзқарас екіұшты. Бір жағынан, шайпұл бермеу керек деген пікірмен келісемін. Алайда мейрамханалардың оны міндетті төлемдердің қатарына енгізетіні қынжылтады. Шайпұл беру немесе бермеу – әр адамның өз еркі. Сондай-ақ, оның мөлшері де ерікті болуы тиіс. Өз басым жиі шайпұл бермеймін. Бірақ беретін жағдайда оның көлемі 500 теңгеден аспайды.

Гүлбаршын Қарабалина (Ақтау қаласының тұрғыны, «Өркениетті келешек» қоғамдық қорының директоры):

Егер даяшының қызметі ұнаса, кейде шайпұл қалдырамын. Бірақ бұл міндетті емес деп ойлаймын. Мәзірден тағам таңдауға көмектесіп, ұсынысын айтып, шын ниетімен қызмет көрсететін даяшыларға шайпұл берген дұрыс деп санаймын.

Данияр Сағидолла (Tilshi Podcast):

Бір қызық жағдай болды, қолымда Грузиядан қалған бірнеше лари бар еді, соны Ақтөбедегі кофеханалардың бірінде шайпұл ретінде қалдырдым. Онда «Грузияға саяхатқа ақша жинап жатырмыз» деген жазуы бар ыдыс тұр екен, сондықтан аз да болса ларимен «саяхатқа үлес қостым» деп ойладым.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *