Базалық мөлшерлеменің өсуіне байланысты екінші деңгейлі банктердің ипотекалық бағдарламалары қысқарған жағдайда Үкімет тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды «Тілші».
Соның нәтижесінде азаматтарға арналған жеңілдетілген ипотекалық несиелеу көлемі екі есе артады.
Қаржыландыру көлемі «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары аясында 500 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады.
Сонымен қатар «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады. Ол жыл сайын кемінде жеті мың әскери қызметші мен олардың отбасына жаңа немесе қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді.
Құрылыс компанияларымен офтейк-келісімшарттар жасалып, баға үш жыл мерзімге бекітіледі.
Бұл тұрғын үй нарығындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ипотеканы қолжетімді етеді.