Қызылорданың басты спорт бренді — «Қайсар» футбол клубы енді жеке басқаруға өтті. Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың футбол клубтарын жекешелендіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды, деп хабарлайды Isker Tilshi.
2025 жылдың 30 қазанынан бастап, клубты «TAU Group Ltd» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақов жеке басқаруына алды. Бұл туралы ақпарат клубтың ресми парақшасында жарияланды.
Жаңа басшылық футбол академиясын дамытуға және инфрақұрылымды жаңартуға шамамен 12 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Клубтың мәлімдеуінше, алдағы уақытта жүйелі реформалар жүзеге асырылып, жастарды даярлау және спорттық нысандарды жаңғырту бағытында нақты шаралар қабылданады.
30 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласына жұмыс сапары барысында жаңадан салынған 11 мың орындық футбол стадионында болып, «Қайсар» ойыншыларымен кездесті.
«Қайсар – еліміздегі алғашқы жекешелендірілген футбол клубтарының бірі. Алдағы уақытта футбол академиясы салынып, жаңа инфрақұрылым қалыптасады. Клубтың болашағы зор деп есептеймін. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін», — деді Президент.
Исламғали Қозбақов — Қызылорда облысынан шыққан кәсіпкер. Оның TAU Group Ltd компаниясы 2010 жылы тіркелген және бензин саудалайды. Сондай-ақ «Әлем Құрылыс» компаниясы оған тиесілі болған.

