Президент Кеңесшісі мен Ақтөбе облысындағы ауылдық округ әкімдерінің кездесуі барысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және өңірдегі атқарушы биліктің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «Тілші».
Облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысы тапсырмаларының аясында өңірде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру және ауыл әкімдерінің басқарушылық әлеуетін арттыру жұмыстары белсенді іске асырылып жатқанын атап өтті.
2025 жылдың 17 ақпанынан бастап облыста ауылдық округ әкімдерін кәсіби даярлау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында 118 ауыл әкімі оқудан өтіп, тағы 31 әкім біліктілігін арттыру курсында білім алып жатыр.
Ақтөбе облысындағы ауыл әкімдерінің 90%-ы тікелей сайлау арқылы сайланған. Қызметтегі ауыл әкімдерінің 60%-ы бұған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген, бұл жаңа кадрлардың келуін және азаматтық қоғамның белсенділігін көрсетеді.
Асхат Шахаров аталған кездесудің ауыл әкімдері үшін маңызды бағыт-бағдар болатынын және халық пен жергілікті билік арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

