Саясат

Тоқаев пен Трамптың Ақ үйдегі кездесуі: құны 17 млрд доллардан асатын келісімдер және жаңа стратегиялық серіктестік кезеңі

Фото: Ақорда

Вашингтонда өткен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың тарихи кездесуі Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін ашты.
Келіссөздер нәтижесінде жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Олар авиация, минералдық ресурстар, энергетика және цифрлық технологиялар салаларын қамтиды.

Мемлекет басшысы Ақ үйдегі кездесуде АҚШ Президентіне шақыруы мен жылы қабылдауы үшін ризашылығын білдірді. Тоқаев Трамптың президенттік лауазымының тарихи сипатына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ-тың әлемдік экономикалық және технологиялық көшбасшылық орнын күшейтіп келе жатқанын атап өтті.

«Америка көшбасшысы жаһандық қауіпсіздік пен өркендеуде шешуші рөл атқарады. Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайды. Әсіресе “TRIPP – Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы” бастамасы Орта дәлізді дамытуға тың серпін береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Дональд Трамп өз кезегінде АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін растады.

Президент Тоқаев атап өткендей, АҚШ – Қазақстан экономикасына 100 млрд доллардан астам инвестиция құйған ең ірі шетелдік инвестор. Қазіргі таңда елде 600-ден астам америкалық компания жұмыс істейді, ал уран импортының 25%-ын Қазақстан қамтамасыз етіп отыр.

«Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард долларға жуықтады. Америкалық серіктестерді Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Қажет болған жағдайда жеке өзім қолдау көрсетуге дайынмын», – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында екіжақты ықпалдастықтың кең ауқымды бағыттары — энергетика, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект және білім беру салалары талқыланды. Сарапшылардың бағалауынша, екі елдің экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады.

C5+1 саммиті және жаңа кезең

Президент Тоқаев сонымен қатар «Орталық Азия – АҚШ» (C5+1) саммитіне қатысып, Дональд Трампқа тарихи кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

«Сіздің батыл әрі парасатты саясатыңыз жаһандық қолдауға лайық. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Бұл “Заң және тәртіп” қағидатына негізделген Әділетті, Қуатты Қазақстан құру стратегиясымен үндеседі», – деді Мемлекет басшысы.

Ақ үй алдындағы бейресми әңгіме

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Легионер спортшыларға қатысты лимит заңмен бекітіледі – министрлік

Ресми келіссөзден кейін Тоқаев пен Трамп Ақ үйдің алдында еркін форматта әңгімелесіп, жаңадан салынып жатқан салтанат сарайының құрылыс барысын тамашалады.

Фото: Ақорда

БАҚ сұрағы және Трамптың жауабы

Кездесу соңында журналистердің сауалына жауап берген Дональд Трамп Қазақстанға келу ықтималдығын жоққа шығармады:

«Бұл әбден мүмкін. Барлық сала маңызды. Бір жылдан кейін не болатынын ешкім білмейді. Сіздердің елдеріңіз табиғи ресурстарға бай, әрі парасатты Президенттеріңіз бар», – деді АҚШ Президенті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *